Бас банк монеталарды жаңа үлгіде шығара бастайды

1521

Монеталардың дизайнын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 20 наурызда мақұлдады.

Бас банк монеталарды жаңа үлгіде шығара бастайды

ҚР Ұлттық банкі 2019 жылғы 26 сәуірде 2019 жылғы үлгідегі дизайны өзгертілген номиналдық құны 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік айналыстағы монеталарды айналымға шығарады. Бұл туралы бас банктің баспасөз қызметі хабарлады.

"Монеталардың дизайнын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 20 наурызда мақұлдады",– делінген хабарламада.

Монеталардың дизайнын өзгерту Елтаңбадағы "ҚАЗАҚСТАН" деген сөздің латын қарпінде "QAZAQSTAN" болып өзгеруіне тікелей қатысты. Себебі Мемлекеттік Елтаңба теңге монеталары дизайнының міндетті элементі болып табылады. Осылайша Ұлттық банк монеталарды жаңа үлгіде айналысқа шығару туралы шешім қабылдады. Олардағы жазулар латын графикасының негізіндегі әліпби пайдаланыла отырып мемлекеттік тілде орындалған.

Айта кетсек, "QAZAQSTAN" деген жазуы бар Мемлекеттік Елтаңбаны пайдалану туралы талап 2018 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізілген болатын.

Монеталарда "QAZAQSTAN", "QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY", "TEŃGE", "QUB" (Qazaqstan Ulttyq Banki) бар мәтіндік жазулар орналасқан.

"Айналыстағы монеталардың техникалық және заттай өлшемдері: массасы, диаметрі, қалыңдығы, металл құймасы өзгеріссіз сақталған. Төлем терминалдарын және басқа да кассаны қосымша қайта теңшеу талап етілмейді. Ескі және жаңа үлгідегі айналыстағы монеталар заңды төлем құралы болып табылады және барлық төлем түрлері бойынша қабылдануға міндетті!",– делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу