"Бас бостандығыңнан айырыласың": Алаяқтар Павлодар тұрғынын 2 млн теңгеге алдап соқпақ болды

316

Өңірде интернет-алаяқтықтың 1337 фактісі тіркелген.

"Бас бостандығыңнан айырыласың": Алаяқтар Павлодар тұрғынын 2 млн теңгеге алдап соқпақ болды Фото: telefon-doveria.ru

Павлодарда патрульдік полиция қызметкерлері 2 млн теңгесін белгісіз адамдардың шотына аударуға асыққан қала тұрғынын тоқтатып, алаяқтықтың алдын алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқиға Камзин көшесінде болған. Қыз жылап келе жатқан жерінен полицейлердің көзіне түскен. Ол белгісіз адамдардың нұсқауымен ақшасының өзіне тиесілі екенін дәлелдеу үшін 2 млн теңгені көрсетілген шотқа аудармақ болған.

Олар маған психологиялық қысым көрсетіп, ақша менікі емес, ұрланған қаражат екеніне сендірді, – деді тұрғын.

Алаяқтар алдымен телефон соғып, SIM-картаның қолданылу мерзімін ұзарту үшін SMS-кодты сұраған. Кейін оның нөмірі арқылы екі шот ашылғанын айтып, ақшасының ұрланған қаражат емес екенін дәлелдеуді талап еткен. Тіпті талапты орындамаса, бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтып қорқытқан.

Патрульдік полиция қызметкерлері қызды сабырға шақырып, банк ұйымдарымен байланысқан. Тексеру нәтижесінде оның атына несие рәсімделмегені анықталды. Сондай-ақ полицейлер eGov Mobile қосымшасы арқылы "Стоп-кредит" қызметін қосуға көмектесті.

Айта кетейік, Павлодар облысында биыл интернет-алаяқтықтың 1 337 дерегі тіркелген. Алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 33 адам ұсталған, олардың үшеуі – кәмелетке толмағандар.

Заңсыз айналымнан 120-дан астам мобильді құрылғы, 500 SIM-карта, 39 банк картасы және екі SIM-box құрылғысы тәркіленген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу