Астанада ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков Ұлттық қорғаныс университетін бітірген ұландық офицерлермен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биыл аталған әскери оқу орнын Ұлттық ұланның 24 офицері тәмамдады. Олардың ішінде 19 офицер жедел-тактикалық басқару бойынша магистрлік бағдарламаны аяқтаса, 2 офицер Бас штаб академиясы факультетін бітірген, ал 3 офицер докторантураны аяқтап, ғылым докторы дәрежесін иеленген.
Кездесу барысында Бас қолбасшы түлектерді құттықтап, олардың кәсіби даярлығы құқықтық тәртіп әскерлерінің әлеуетін арттыруға және басқару жүйесін жетілдіруге серпін беретінін атап өтті. Ол университеттің заманауи қауіп-қатерлер жағдайында тиімді шешім қабылдай алатын әскери басшылар даярлайтын маңызды білім және ғылыми орталық екенін айтты.
– Сіздер алдағы уақытта алған білім мен тәжірибені қызмет барысында тиімді қолдануға тиіссіздер. Сол арқылы әскери тәртіпті нығайтуға, бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен қызметтік міндеттерді сапалы орындауға өз үлестеріңізді қосады деп үміттенемін, – деді Бас қолбасшы.
Сондай-ақ офицерлер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту және мемлекет мүддесін қорғау бағытында қызмет ететіндерін жеткізді.