Елімізде ұшаққа отырғызу талондарының артқы бөлігіне бомба туралы "әзіл" айтқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені ескертілетін болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазіргі уақытта бұл тәжірибе Астана, Алматы, Түркістан және Қарағанды халықаралық әуежайларында енгізілді. Жақын арада мұндай алдын алу материалдарын елді басқа әуежайларында да орналастыру жоспарланып отыр.
Бас көлік прокуратурасының бастамасымен халықаралық әуежайлардағы отырғызу талондарының артқы жағына терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны және кейбір заттарды ұшақпен тасымалдауға тыйым салынатыны туралы ескерту орналастырылды.
"Енді жолаушылар бомба туралы ойланбай айтылған "әзілдің" өзі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін алдын ала біледі. Жаднамада кастет, атыс қаруы, оқ-дәрі және басқа да қауіпті заттарды тасымалдауға тыйым салынғаны көрсетілген", – деп жазылған хабарламада.
Мұндай бастама көлік және авиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолаушылардың жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып отыр.