Бас прокурор қылмыс көбейген өңірлерді атады

151

Бас прокурор Берік Асыловтың мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы үш айында елімізде жалпы қылмыс деңгейі 5,8%-ға төмендеген.  

Бас прокурор қылмыс көбейген өңірлерді атады Фото: Айғақ

Яғни, құқық бұзушылық 35 320-дан 33 279-ға азайған. Бұл жетістік құқық қорғау органдарының жазалауға емес, алдын алуға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмысының нәтижесі екенін атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қылмыстың төмендеуі мынадай бағыттарда байқалған:

  • ұрлық — 29,3%-ға;

  • бұзақылық — 32,6%-ға;

  • мал ұрлығы — 27,6%-ға;

  • онша ауыр емес қылмыстар — 11,9%-ға;

  • аса ауыр қылмыстар — екі есеге қысқарды.

Асыловтың айтуынша, құқықтық тәртіптің шынайы ықпалы — профилактикалық шаралардың тұрақты түрде қабылдануында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — стратегиялық басымдық екенін атап өткені белгілі.

Қылмыс өсімі байқалған өңірлер

Дегенмен кейбір аймақтарда кері үрдіс байқалған:

  • Шымкент қаласында — қылмыс 25,8%-ға артқан;

  • Жамбыл облысында — 21%-ға;

  • Ұлытау облысында — 13,6%-ға.
    Сонымен қатар Ақмола, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында да орташа деңгейде өсім тіркелген.

Бас прокурор бұл өңірлерде ведомствоаралық үйлестіруді күшейтіп, нақты бағытталған жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты. Жергілікті прокурорлар барлық мемлекеттік органдардың бірлесіп жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті екенін ескертті.

Алаяқтық пен есірткі қылмысына қарсы күрес

Алаяқтық 3,9%-ға төмендеген. Дегенмен, келтірілген залал көлемі — 41,4 млрд теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге азайған (2024 ж. — 93,7 млрд тг). Оның ішінде 11,7 млрд теңге өтелген.

Сонымен қатар, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл күшейтілген. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында:

  • есірткі қылмыстарының ашылуы — 14%-ға;

  • сату фактілерінің анықталуы — 13%-ға артқан;

  • 1,5 мыңнан астам іс сотқа жолданды;

  • 3,3 тоннадан астам есірткі тәркіленді — бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Қаржылық із кесу аясында:

  • 12 мыңнан астам күмәнді банк шоты бұғатталды;

  • 2,1 млрд теңге есірткі табысы анықталды;

  • 5 млрд теңгеден астам мүлік пен 6 млн АҚШ долларына тең криптовалюта тәркіленді.

Берік Асылов қорытындылай келе, профилактика формалдылық емес, қоғамдағы құқық тәртібін нығайтуға бағытталған нақты әрі нәтижелі іс-шаралар екенін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу