Бас прокурор ұсталғандардың бәрінің құқығы қамтамасыз етіліп жатқанын айтты

1055

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов Мемлекет басшысына терроризм мен жаппай тәртіпсіздік деректері бойынша жүргізіліп жатқан тергеу амалдарының барысы туралы есеп берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Бас прокурор ұсталғандардың бәрінің құқығы қамтамасыз етіліп жатқанын айтты

Бас прокурордың ақпаратына сүйенсек, ұсталған және тұтқындалған азаматтардың бәрі қорғау, заңды көмек алу, шағым жасау құқығымен қамтамасыз етіліп жатыр. Прокуратура органдарына қаңтар оқиғасына қатысқан азаматтардан 84 шағым түскен. Қадағалау шаралары бойынша ұсталған 96 адам босатылған.

Берілген мәліметтер бойынша, әкімшілік тәртіпке сәйкес соттардың шешімімен 3 314 адам тұтқындалған. Прокурорлар 1 884 іске қатысты жазаны жеңілдету жөнінде өтініш берген. Оларды тексеру нәтижесінде 1 083 адам тұтқыннан босатылған. 493 азаматқа салынған айыппұл ескерту жазасына ауыстырылған.