Дәрігердің айтуынша, науқастардың арасында күйік шалғандар жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Жарақаттары көптік жарақат деп аталады. Сүйек сынуымен қатар бас жарақаты. Өкпе жарақаты мен жұмсақ тіндердің, бас сүйегінің жаралануы, іштің де жарақаттары кездеседі, – дейді Жанар Байманова.
Маңғыстау облыстық аурухана кеше күшейтілген режимде жұмыс істеді. Ұшақ апатынан зардап шеккендер жаппай түскесін 70-тен аса дәрігер, 100-ден аса орта қызметкер мен 50-ден астам кіші қызметкер жұмылдырылды. Аудан-қалалардағы білікті мамандар да көмекке келген.
– Түнімен астаналық дәрігерлер, Әзербайжан Республикасы мен Ресей Федерациясынан келген білікті мамандар жұмыс істеді. Бүгін таңертең ресейлік дәрігерлер 8 ересек пен 1 баланы арнайы бортпен елдеріне алып кетті. Қазір облыстық ауруханада 19 ересек, балалар ауруханасында 1 бала бар. Науқастардың жетеуі жалпы жансақтау орталығында жатыр. Бала да жансақтау бөлімінде, – дейді облыстық көпбейінді ауруханасы медициналық қызмет сапасын қадағалау бөлімінің басшысы Жанар Байманова.
Әзербайжан Республикасынан келген мамандар өздерінің азаматтарымен жұмыс істеп, туыстарымен байланыстыру сияқты қажет көмектерді ұйымдастыруда. Жағдайы қалыпты азаматтарды елдеріне алып кету мәселесі бүгін шешілмек.