Бәсекелестікті қорғау агенттігі Flyarystan-ды Air Astana құрамынан шығаруды ұсынды

563

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Көлік және байланыс департаменті әуе көлігімен ішкі тұрақты жолаушылар тасымалы нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізді. 

Бәсекелестікті қорғау агенттігі Flyarystan-ды Air Astana құрамынан шығаруды ұсынды Фото: vlast.kz

Оның қорытындысы бойынша агенттік Flyarystan компаниясын Air Astana құрамынан шығаруды, ал "Самұрық-Қазынаға" Qazaq Air акцияларын іске асыруды ұсынды, деп жазады inbusiness.kz агенттік сайтына сілтеме жасап.

Аталмыш талдау бәсекелестік деңгейін анықтау, бәсекелестікті қорғауға және дамытуға, монополиялық қызметтің алдын алуға, шектеуге және жолын кесуге бағытталған шаралар кешенін әзірлеу мақсатында жүргізілді. Мұнда тұрақты емес жолаушылар әуетасымалдары қарастырылмаған.

Елімізде 6 отандық әуеакомпания жұмыс істейді. "Жезқазған-Эйр", "Жетісу" және "Оңтүстік аспан" авиакомпаниялары ҚР шекараларында санитарлық және чартерлік рейстерді орындайды. Олар ішкі тұрақты рейстерді жүзеге асырмайды. Сол себептен бұл талдауда есепке алынбады.

Ақпаратқа сәйкес, әуе көлігімен тасымалдау нарығының субъектілері тұлғалардың бір тобына кіреді.

"Air Astana" АҚ құрамындағы тұлғалар тобына Fly Arystan құрылымдық бөлімшесі және (51%-ы "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-ға тиесілі) және "QAZAQ AIR" АҚ (құрылтайшысы "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ - 100%) кіреді", - делінген ведомство хабарламасында.

Аталған тұлғалар тобы бірыңғай нарық субъектісі ретінде қарастырылады. Жаңа субъектілердің нарыққа кіруінің негізгі кедергілеріне экономикалық, әкімшілік шектеулер жатады.

Агенттіктің ақпаратына сәйкес, әуе отынының жоғары құнына, әуежай қызметтерін жеткізушілер арасында бәсекелестіктің болмауына, әуежайлардың жанармай құю кешендеріне қолжетімділіктің шектелуіне және т.б. байланысты нарықтағы бәсекелестікті дамытудың мәселелері де жоқ емес.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі FlyArystan-ды нарықтың жеке субъектісі ретінде бөлуді, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ "Qazaq Air" АҚ компаниясының акцияларын іске асыруды, әуе отынның биржалық сауда-саттықтың үлесін ұлғайтуды, әуе қатынасы туралы халықаралық келісімдер жасасу кезінде Қазақстан тарапынан кемінде 2 әуекомпанияға тасымалдауды жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуді ұсынады.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу