Баспана бағасы 20 пайызға қымбаттауы мүмкін – Сарапшы

​Бұл жайт 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты болып отыр.  

Баспана бағасы 20 пайызға қымбаттауы мүмкін – Сарапшы Фото: ЖИ

Мұны Салық кеңесшілері палатасының сарапшысы Ұлан Бәтенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazinform сайтына сілтеме жасап. 

Ол сөз арасында өз ұсынысын да жеткізді.

"Қазіргі уақытта құрылыс компаниялары жеңілдетілген декларция негізінде арнайы салық режимін пайдаланатын тұлғаларға жұмсалатын шығындарын шегерім ретінде қолданыла алмайды. Нақты айтқанда, олардан тауар сатып алғанда табысы бойынша шегерім болмайды және оған 20 пайыз корпоративтік табыс салығы салынады. Осы мәселені шешу үшін арнайы ұсыныстарымыз бар", – дейді ол Қазақстан құрылысшылар одағында өткен баспасөз мәслихатында.

Палата сарапшысы "құрылыс компанияларының арнайы салық режимін қолданатын тұлғаларға жұмсалатын шығындарын корпоративтік табыс салығы бойынша шегерім ретінде қолдануы керек" деп есептейді.

"Тендерге арнайы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер, жалпыға ортақ салық режимін қолданатын заңды тұлғалар қатыса алады. Бірақ, арнайы салық режимін қолданатын мердігерден тауар сатып алғанда салық қиындықтары туындайды. Сатып алушы шығынды шегерім ретінде қолдана алмайды. Сондықтан тендерде жеңімпаз деп танылған салық режімін қолданатын мердігердың ұсыныстарын құрылыс компаниясының 20 пайызға көтеруіне мүмкіндік беру қажет. Сонда сатып алушы құрылыс компаниясына экономикалық тұрғыда тиімді болар еді. Ал қазір салық төлеуші корпоративтік салықтан ұтылып отыр. Ол 100 мың теңгеге тауар сатып алса, оның үстіне 20 мың теңгені салық ретінде төлейді. Демек, 100 мың теңгені өзінің шығыны ретінде пайдалана алмайды", – деді Ұлан Бәтенов.

Сарапшы Қазақстанда баспана бағасының 20 пайызға көтерілуі ықтимал екенін айтты.

"Жаңа Салық кодексі биыл ғана енгізіліп, соған орай жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер пайдалануға берілген жоқ. Бірақ, құрылыс компаниялары жеке кәсіпкерліктен сатып алған тауарлары үшін кеткен шығындарын табысынан шегере алмаса, онда жылжымайтын мүліктерін 20 пайызға қымбаттатуы әбден мүмкін", – деді сарапшы.

Ал Салық кеңесшілері палатасының басқарма төрағасы Андрей Хорунжий жеке кәсіпкерлер үшін жалпыға бірдей белгіленген салық режимі айтарлықтай тиімді екенін еске салды.

"Дегенмен, олардың жалпыға бірдей белгіленген салық режимін қолдануына кедергі келтіретін мәселелерге назар аудару қажет. Біздің ойымызша, жеке кәсіпкерлер үшін негізгі проблемалардың біріншісі – корпоративтік табыс салығын есептеудің күрделілігі. Екінші маңызды мәселе – бухгалтерлік есеп жүргізу міндеттілігі. Көптеген жеке кәсіпкерге бухгалтерлік есеп жүргізу тіпті қажет емес. Осыған байланысты халықаралық тәжірибеге негізделген нұсқалардың бірі ретінде арнайы жеке салық режимін енгізуді қарастыруға болады. Ол іс жүзінде жалпыға бірдей белгіленген салық режимінің оңайлатылған нұсқасы болар еді. Осылайша, егер салық режимінің өзі кірістер мен барлық шығыстарды қарапайым түрде есепке алуды көздейтін болса, онда мұндай кәсіпкерлердің салықтық есептілігі бар болғаны екі көрсеткіштен – кірістер мен шығыстардан тұрар еді. Олардың арасындағы айырмашылық не пайда, не шығын болады. Тиісінше, пайдаға 10 пайыз мөлшерінде салық салынады. Жоғарыда айтып өткенімдей, экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл салық салу шарттарының анағұрлым тиімді болуына алып келуі мүмкін", – деді ол.

Андрей Хорунжийдің сөзінше, жеке кәсіпкерлерге бухгалтерлік есеп жүргізуді міндеттемей, олар қарапайым салық тіркелімі негізінде жұмыс істеуге мүмкіндік берілген.

"Мұның үстіне кірістер мен шығыстардың барлығы электрондық мүмкіндіктер арқылы, яғни электрондық шот-фактуралар арқылы тіркелетін болса, онда кәсіпкерге өзінің салықтық есебін жүргізу жеңіл әрі қарапайым болар еді. Сонымен қатар, мемлекет кәсіпкердің қызметі туралы толық ақпаратқа ие бола отырып, алдын ала декларациялау жүйесін енгізе алады. Негізінде мұндай мүмкіндік қазірдің өзінде бар. Өйткені, төлемдердің басым бөлігі цифрлық технологиялар арқылы жүзеге асырылады", – деді сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу