Бастауыш сынып оқушылары үшін БЖБ мен ТЖБ алынып тасталуы мүмкін

233

Аталған мәселеге қатысты соңғы нүкте тамыз кеңесінде қойылады.  

Бастауыш сынып оқушылары үшін БЖБ мен ТЖБ алынып тасталуы мүмкін Фото: akorda.kz

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстанда бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалауды алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр. Ата-аналар тарапынан министрлікке көптеген ұсыныс келген. Өйткені жиынтық бағалау тапсырмаларын орындауға ата-аналардың араласуы жиілеген.

– Қазір бала БЖБ немесе ТЖБ тапсырғанда, әрбір ата-ана осы процеске араласады. Негізінде бұл – балалардың білім сапасын бағалау құралы. Сонымен қатар бүгінде БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларының сатылып жатқаны анықталуда. Меніңше, мұндай фактілерге құқықтық баға берілуі керек. Критериалды бағалау жүйесі енгізілген көптеген дамыған елдерде бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ мүлде қолданылмайды. Сондықтан қазіргі кезеңде Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптарда оларды алып тастау мәселесін талқылап жатыр, – деді министр.

Сүлейменова бұл мәселеге қатысты министрліктің түпкілікті шешімі дәстүрлі тамыз конференциясында шешілетінін айтты.

Сондай-ақ, еліміздің бас ұстазы Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың БЖБ мен ТЖБ жүйесін енгізуге жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсынысына пікір білдірді.

Министрдің айтуынша, бұл мәселені және жүйеге бөлінген қаржының жұмсалуын Жоғары аудиторлық палата мен өзге де уәкілетті органдар қарайды.

Оқу-ағарту министрлігінің бағалауынша, 2016 жылдан бері қолданыстағы білім беру стандарттары мен критериалды бағалау жүйесі күткен нәтижеге қол жеткізе алмаған. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан жүйеге қатысты сын-ескертпелер жиі айтылып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу