2026 жылдың маусым және шілде айлары Батыс Еуропада ең ыстық кезең ретінде тіркелді. Бұл туралы 10 тамызда Copernicus еуропалық климаттың өзгеруін бақылау қызметі мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
БАҚ-тың жазуынша, екі айдағы орташа температура 21,62 градус Цельсий болды. Бұл 1991-2020 жылдардағы маусым айының орташа көрсеткішінен 2,79 градусқа жоғары.
Бұл ретте Шығыс Еуропа мен Скандинавияда жаздың алғашқы екі айы әдеттегіден әлдеқайда салқын болған. Copernicus мәліметінше, Батыс Еуропада көктемнің соңынан бері аптап ыстық ұзақ уақыт бойы сақталып келеді. Мамырдан бері аймақта төрт рет ыстық ауа райы толқыны тіркелген. Мамандар бұл көрсеткішті Батыс Еуропа үшін әдеттен тыс жағдай деп атап отыр.
5 тамызда Аустрия мен Словакияда ауа температурасы ең жоғары көрсеткішке жетті. Аустрияның ұлттық метеорологиялық қызметі GeoSphere Austria дерегіне сәйкес, Бад-Дойч-Альтенбург қалашығында ауа температурасы 41,2 градусқа дейін көтерілген.
Ал Мажарстанмен шекаралас Словакияның оңтүстігіндегі Каменица-над-Гроном елді мекенінде сол күні 41,4 градус ыстық тіркелді. Венада да жаңа рекорд орнады. 4 тамызда Аустрия астанасында ауа температурасы 41 градусқа дейін көтерілген. Қатты ыстық пен құрғақшылықтың салдары елде айқын сезіліп отыр. Кейбір елді мекендерде су тапшылығы байқалса, өзендердегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты Дунай мен басқа да өзендерде кеме қатынасы ішінара тоқтаған.