Батыс Қазақстан облысында 9 жастағы оқушы екі інісін өрттен аман алып шықты

130

Қиын сәтте 9 жастағы бала батылдық танытып, екі інісін тілсіз жаудан құтқарып қалды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Батыс Қазақстан облысында 9 жастағы оқушы екі інісін өрттен аман алып шықты Фото: Kazinform

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданына қарасты Аралтөбе ауылдық округінде үш баланың өміріне қауіп төндірген өрт оқиғасы тіркелді. 

Оқиға ата-анасы жұмыста болған кезде орын алған. Үйде қалған үш бала теледидар көріп отырған сәтте кенеттен жарық сөніп, көп ұзамай жатын бөлмеден түтін шыға бастаған. Өрт шыққанын алғаш байқаған үлкен ұл Бейбарыс жағдайды дереу бағамдап, әрекетке көшкен.

Баланың әкесі Фазыл Тілекбергенұлының айтуынша, ұлы былтыр Жымпиты ауылында болған қайғылы өрт оқиғасын есіне алып, сасқалақтамай, бір қолына шақалақ інісін көтеріп, екі жастағы бауырын жетектеп, балаларды сыртқа алып шыққан. Кейін анасына хабарласып, үйде өрт шыққанын жеткізген.

Оқиға орнына жедел түрде ауыл әкімдігі мен өрт сөндіру қызметі шақырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт жатын бөлменің сыртқы қабырғасына орнатылған электр есептегіш сымдарының тұйықталуынан шыққан.

Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт салдарынан үйдің жатын бөлмесіндегі жиһаздар мен жеке заттар жанған. Жалын шамамен 5 шаршы метр аумақты қамтыған. Өрт дер кезінде сөндіріліп, зардап шеккендер мен адам шығыны тіркелмеген.

Ерлік көрсеткен Бейбарыс ауылдық округ әкімі тарапынан арнайы қабылданып, алғыс пен құрметке ие болды.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу