Бейнежазбада автобустан жолаушылардың шығып келе жатқаны көрінеді. Олардың арасында жасы ұлғайған адамдар мен балалы әйелдер бар.
– Орал мен Қаратөбе арасында қатынайтын автобус. Әрең құтылып шықтық, – дейді жолаушылардың бірі.
Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 8 тамыз күні кешке жедел кезекшінің пультіне Теректі ауданында Самара-Шымкент автожолының Шалқар көліне бұрылатын тұсында автобустың өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен.
– Автобус салонында 37 жолаушы болған. Олар қауіпсіз жерге өздері шыққан. Зардап шеккендер жоқ. Өрт БҚО ТЖД жеке құрамынан 8 адам мен 2 техниканың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында толық сөндірілді. Қазіргі кезде өрттің себебі анықталу үстінде, – деп хабарлады ведомстводан.