Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы мен облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар инвестициялық жобаларды аралап, олардың іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жұмыс сапары барысында жобаларды уақтылы іске қосу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және әкімшілік кедергілерді жою мәселелері талқыланды. Нәтижесінде инвесторлар көтерген өзекті мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданды.
Атап айтқанда, "Орал Сити" ЖШС салып жатқан қонақүй кешенін қалалық сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуға қажетті техникалық шарттарды алу мәселесі шешімін тапты.
Кездесу барысында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және инвесторлардың құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі екені атап өтілді. Сондай-ақ мұндай жұмыс кездесулері туындайтын мәселелерді дер кезінде шешуге және өңірдегі қолайлы инвестициялық ахуалды нығайтуға ықпал ететіні айтылды.