Бұл туралы ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің Астана қаласы бойынша өкілі Баян Жалмағанбетова атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, Ата Заң мемлекеттік биліктің жұмыс істеу қағидаттарын белгілеп қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ міндеттерін айқындайды.
"Жаңартылған Конституцияның басты мақсаты – әділетті, демократиялық әрі құқықтық мемлекет құру. Онда мемлекет, қоғам және азамат арасындағы өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа қарым-қатынас үлгісі қалыптастырылды", – деді Баян Жалмағанбетова.
Өкілдің пікірінше, Конституцияға енгізілген өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, заң үстемдігін нығайтуға және адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға және қоғамдық әділдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңартылған Конституция жобасын әзірлеу барысында қоғамдық пікірге де ерекше мән берілген. Құжатты талқылауға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер, ғалымдар, сарапшылар және азаматтық қоғам институттары қатысты. Кең көлемдегі қоғамдық талқылау конституциялық өзгерістердің қоғам сұранысына сай болуына ықпал етті.
Баян Жалмағанбетова Конституцияны құрметтеу әр азаматтың міндеті екенін атап өтті. Оның сөзінше, өз құқықтары мен міндеттерін білу, заң талаптарын сақтау және елдің дамуына белсенді үлес қосу – тұрақты әрі өркендеген мемлекеттің маңызды негіздерінің бірі.
Заң үстемдігі мен әділет қағидаттарын орнықтыру – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі.