Базаларда шаңғыны жалға беруге тыйым салынды

510

Алты ай қыс қымтанып жататын Керекуде жұрт шаңғы тебе алмай жүр. Павлодардағы базаларда бұрынғыдай шаңғы жалға берілмейтін болған. Өйткені, биыл мемлекет иелігіндегі қысқы спорт базаларына коммерциямен айналысуға тыйым салыпты. 

Базаларда шаңғыны жалға беруге тыйым салынды Фото: Хабар 24

Ал, жеке меншік базалары жоқ болғандықтан кәсіпкерлер бұл бизнесті дамытуға құлықсыз.

Павлодар қаласында екі шаңғы базасы бар. Бұрындары демалыс күндері бұл аумақтар адамға толып, жұрт шаңғы теуіп жырғап қалатын. Биылдан бастап бұл құрал-саймандарды жалға беру тоқтатылған. Тек басыбайлы шаңғысы бар кәсіби спортшылар ғана келеді. Қала тұрғыны Валерий Пивторак сырғанақ жолдың биыл сапасыз екендігін айтады. Себебі, шаңғы табаны сирек тигендіктен қар басып қалады. 

"Екінің бірі шаңғы сатып алмайды. Өйткені оның бағасы қымбат. Мен бала кезімде шаңғышы болуды армандадым. Бірақ, керекті жабдықтарына қолым жетпеген соң бокс пен күреске кеттім. Қазір денсаулық үшін шаңғы тебемін. Бұрындары оны жалға берілетін, биыл міне бәрі жабық", дейді Павлодар қаласының тұрғыны Валерий Пивторак.

Бұрын бұл базалар мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының  балансында болған. Биыл қала әкімшілігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне беріліпті. Іле-шала жарғысы өзгертіліп, коммерциялық қызмет көрсетуге тыйым салған. 

"Негізі біздің мекеменің жарғысында ондай қызмет жалға беру көрсетілмеген. Өйткені, оған кассир керек. Шаңғыны беретін адам керек. Ондайлар жоқ. Бұрын болған бізде жоқ, басқа мекемеміз", дейді Шаңғы базасының меңгерушісі Еркін Мәкішев.

Жаңа құжаттың кесірінен мамандарды қысқартып, мемлекеттік шаңғы базаларының қаржы табу мүмкіндігі шектелетіндігіне кезінде ешкім мән бермеген. Енді, оны қайтадан қалпына келтіру үшін Үкіметтің қаулысы қажет екен.  

"Бізде 50-60 шаңғы бар. Бюджеттің ақшасына алынған. Біз оны халыққа бере алмаймыз. Неге десеңіз, берсек ертең құқық қорғау органдары келіп бізді тексеруі мүмкін. Енді біз әкімге айттық. Әкім енді ары қарай шешеді ендігі жылы деп ойлаймыз. Биыл шешілмейді енді ол сұрақ", дейді Павлодардағы балалар мен жастар спорты орталығының басшысы Ерлан Қалиев.

Ертіс өзенінің жағасы қысқы спорт түрлерін дамытуға таптырмас жер. Коньки тебемін деушілерге табиғи мұз да бар. Ал, керекуліктер биыл алғаш рет  шаңғымен сырғанау қызығынан құр қалды. Бұқаралық спортты дамытудың орнына тұншықтырып жатқан шенділер осыны қаперге алса.   

Есенбек Санатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу