"Беделді, жұмыс істегені керек": Ақтөбенің үш ауданы әкімін сайлап жатыр

255

Үш ауданда 28 мыңнан астам сайлаушы бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Беделді, жұмыс істегені керек": Ақтөбенің үш ауданы әкімін сайлап жатыр Фото: inbussines.kz

Бүгін Қазақстан тарихында алғаш рет  пилоттық режимде аудандар мен қалалар әкімдерінің сайлауы өтуде. Саяси науқан өтіп жатқан өңірлер арасында Ақтөбе облысының Қобда, Ырғыз,Ойыл аудандары бар.

Қобда ауданында 31 сайлау учаскесі болса, соның төртеуі аудан орталығы Қобда ауылдық округінде орналасқан. Мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесіне дауыс берушілер ерте келді. Әсіресе егде жастағы тұрғындар белсенді. Отбасы мүшелері түгел келіп дауыс беріп жатқандар да бар.

"Жасым 83-те. Ауданды басқаратын адамды халық өзі таңдауы – маңызды қадам. Сол үшін таңдауымды жасауға ерте келдім. Бұл сайлаудан не күтем? Аудан көркейсе, халық жақсы өмір сүрсе екен деймін. Сол жауапты істің бәрін жасайтын кішіпейіл, қолынан іс келетін әкім ауданды басқарса екен", – деді Қобда ауылының тұрғыны Тұрар Шыныбеков.

Сайлаудың өту барысын бақылаушылар да қадағалап отыр. 

"Біздің учаскеде тіркелген 999 сайлаушы болса, сағат таңғы ондар шамасында 200-ге тарта адам өз таңдауын жасады. Белсенділігі жоғары. Алты сайлаушы алдын ала үйден дауыс беруге өтініш түсірді. Оған комиссия мүшелері  тасымалдайтын жәшікпен барады", — деді сайлау учаскесінің төрайымы Айнагүл Құдайбергенова.

Ауыл халқы сайланған әкім ең бірінші кезекте әлеуметтік, елді мекендерді газдандыру, жол сапасы секілді мәселелерге басты назар аударса дейді.

Дауыс беру учаскелері сайлаушыларды таңғы 7:00-ден 20:00-ге дейін қабылдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу