Бұл туралы журналист Дүйсенәлі Әлімақын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.Ол "Үш бәйтеректің" басына шығып алған жас қыздардың үстінен түскен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Астанадағы журналистер аллеясында ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің, проза шебері Бейімбет Майлиннің, поэзия алыбы Ілияс Жансүгіровтің мүсіндері орналасқан. Сонда жүрген қыздардың бірі Бейімбет Майлиннің "мойнына" мініп алса, екіншісі оны фотоға не видеоға түсірген.
Оқиғаға куәгері жедел түрде қыздарды сыртынан камераға жазып алған. Ол жастардың әдепсіз қылығын қатаң сынап, әлеуметтік желіге жариялап жіберген.
– Қаламгерлер аллеясында демалып отыр едім. Кенеттен мынадай келеңсіз іске куәгер болдым. Ашу қысып қасына жетіп барып "бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме?" десем, көздері адырайып, "что, что" деуден ары аспады. Сөзіме дәлел ретінде олардың бұл топастығын видеоға түсіріп алдым. Еш ұялу, кешірім сұрау жоқ. Бұл басыну ма әлде надандық па? – деп ашуланды ол.
Әлеуметтік желідегілер Алаш арыстарын қорлағандарға қатаң шара қолдануды сұрап жатыр.
Әзірге Астана қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты ресми пікір берген жоқ.