Беларусь Қорғаныс министрлігі батыс елдері соғысқа дайындалып жатқанын ескертті

1069

Қазіргі уақытта батыстың соғысқа дайындалып жатқаны айдан анық.  

Беларусь Қорғаныс министрлігі батыс елдері соғысқа дайындалып жатқанын ескертті Фото: Гродненская правда

Бұл туралы 20 қазанда Беларусь Қорғаныс министрі Виктор Хренин мәлімдеді.

"Батыстың соғысқа дайындығының айқын белгісі – жедел-жауынгерлік дайындық іс-шараларының бағыты мен ауқымы. Олардың барысында шабуыл топтарын құру мен Ресей мен Беларусь бағыттарында әскерлерді қолдану мәселелері пысықталуда. Бұл ретте біз жылдан жылға қолданылатын күштер мен құралдар санының ұлғаюымен көзге түскен оқу-жаттығулардың қарқындылығын атап өткіміз келеді. Тек осы жылдың басынан бері 40-тан астам оқу-жаттығу өткізіліп, оған 100 мыңнан астам адам қатысты. Жаулап алу соғысына дайындық жүріп жатыр. Беларусь пен Ресей бұл іс-шараларды ұйымдастырушыларды қарсылас көреді", – деді ол.

Оның айтуынша, іргелес мемлекеттердің аумағында әскери инфрақұрылым қарқынды дамып келеді.

"НАТО-ның Біріккен Қарулы Күштерінің әскери құрамаларын кеңейту мақсатында іргелес мемлекеттердің аумағында әскери инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Іс жүзінде аяқталған Польша мен Балтық елдерінің көптеген аэродромдарын жаңғырту оларға 200-ге дейін жауынгерлік ұшақтарды орналастыруға мүмкіндік береді. Альянстың десанттық кемелерін қабылдау порттары белсенді түрде жаңартылуда, АҚШ Қарулы Күштерінің техникасы мен материалдық қорларын алдын ала қайта бағыттау үшін озық плацдармдар жасалуда", – деп атап өтті Хренин.

Ол сондай-ақ "Польша, Литва мен Латвияда НАТО-ның әскери контингенттерінің қызметін қамтамасыз ету үшін оқу орталықтары мен полигондар қайта жаңартылатынын" атап өтті.

"Бірнеше мың әскери қызметшіні орналастыруға болатын модульдік үлгідегі жаңа мобильді лагерьлер екпінді қарқынмен салынуда. Бүгінде АҚШ-тың континентальды әскерлерін дивизия мен жауынгерлік авиация эскадрильясына дейін жедел тасымалдауды және көшіруді қамтамасыз ететін инфрақұрылым құрылды. Яғни 20 мыңнан астам адам көзделген. Польшада американдық зымыранға қарсы қорғаныс базасын қолдануға дайын болу аймақтағы күштердің тепе-теңдігін айтарлықтай бұзуы мүмкін. Оның ұшыру қондырғыларында Беларуссияның бүкіл аумағы мен Ресейдің көп бөлігін қамтитын шабуылдаушы зымырандық қару-жарақ орнатылуы мүмкін", – деп атап өтті Беларуссияның Қорғаныс министрі.

Виктор Хренин көрші мемлекеттерде милитаризация да жедел қарқынмен жүріп жатқанын айтты.

"Әсіресе, Варшаваның саяси бағыты оның соғысқа дайындығын көрсетеді. Бұған дейін жарияланғандай бір емес, Құрлық әскерлерінің қосымша екі механикаландырылған дивизиясын дайындау басталды. Сонымен қатар қосымша дивизия елдің шығыс бөлігінде Белосток қаласының жанында орналасады. Поляк аумақтық қорғаныс әскерлерінің құрылымы да өзгеруде. Беларусь Республикасымен шекарада аумақтық әскерлердің 10 батальоны пайда болады", – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Минскіде НАТО елдерінің Беларуссияға қатысты агрессивті жоспарлары бірнеше рет ашық айтылған. Осыған байланысты Беларусь билігі елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға баса назар аударды. Ол үшін, Беларусь аумағында одақтас мемлекет әскерлерінің аймақтық тобын орналастыру басталды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу