Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлзада Ниетқалиева 61 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Гүлзада Ниетқалиева 1966 жылы 1 маусымда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылында туған.
Гурьев педагогика институты тарих факультетінің түлегі. Филология ғылымдарының кандидаты. 1987-2000 жж. Атырау облысы Құрманғазы аудандық оқу бөліміне қарасты аудан мектептерінде ұстаздық қызмет жасады. 2000-05 жыл аралығында Атырау облыстық телевизиясында аға редактор, 2005 - 07 жж. "Ақ Жайық" апталық газетінде аға редактор, Облыстық "Қайсар" құқық қорғау органдарының газетінде бас редактор қызметін атқарды. Атырау облыстық "Атырау" қоғамдық-саяси газетінде мәдениет, білім, денсаулық бөлімі меңгерушісі болып қызмет етті.
"Ақбота күнді аңсаумен", "Айдың сүттей сәулесі", "Қарлығашы Қиғаштың", "Ардақтым", "Жүректегі жанартау", "Хазар қасидалары", "Аллажар" жыр-жинақтарының, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ақын Есенғали Раушановтың шығармашылығы туралы "Тұма жырдың тұнығы" және жазушы- драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы жайында жазылған "Дара", "Жалғыз атты жолаушы" монографиялық кітаптарының авторы. "Жүректегі иман гүлі" атты Жаратқанға мінәжат дастаны 2017 жылы Ұлыбританиядан жарық көрген.
2003 жылы ЮНЕСКО көле-мінде тойланған Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы аясында Атырау облыстық телерадио компаниясында тележурналист болып қызмет ете жүріп, "Махамбет-200" телехабарлар сериясын жүргізді және "Қарой қасіреті" дастанын жазды. Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері.