Мемлекет басшысының өкімімен Берік Шолпанқұлұлы Шолпанқұлов берген өтінішіне сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Берік Шолпанқұлов 1976 жылы 4 наурызда дүниеге келді.
1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін "Бухгалтерлік есеп, бақылау және ШҚТ" мамандығы бойынша; 2016 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің магистратурасын бітірді.
Б.Ш. Шолпанқұлов еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазынашылық департаментінің Қолма-қол ақша басқармасы қолма-қол ақшаның ағымдағы қалдықтарын басқару бөлімінің сарапшысы қызметінен бастады.
2001 жылғы қазаннан 2004 жылғы шілдеге дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қолма-қол ақша және мемлекеттік міндеттемелерді есепке алу басқармасының бастығы лауазымын атқарды.
2004 жылғы шілдеден 2008 жылғы желтоқсан аралығында – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары.
2008 жылғы желтоқсаннан 2014 жылғы маусымға дейін – Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі.
2014 жылғы маусымнан 2016 жылғы қазан аралығында – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары.
2016 жылдың қараша-желтоқсан айлары аралығында – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы.
2016 жылғы желтоқсаннан 2019 жылғы наурызға дейін – Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі.
2019 жылғы наурыздан 2021 жылғы сәуір аралығында – Қазақстан Республикасының Бірінші Қаржы вице-министрі.
2021 жылы 5 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары болып тағайындалған еді.
"Құрмет" орденімен, "Ерен еңбегі үшін" медалімен, "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл", "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл", "Астананың 10 жылдығы", "Теңгеге 30 жыл" мерейтойлық медальдарымен, "Қаржы қызметінің үздігі" төсбелгісімен, II дәрежелі "Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін" медалімен, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған.