Кездесуге АҚШ делегациясының бірқатар өкілі қатысты. Тараптар Абай облысы мен АҚШ арасындағы байланыстарды кеңейту, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Берік Уәли Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызын атап өтіп, Абай облысының инвестициялық әлеуеті жоғары екенін жеткізді. Оның айтуынша, өңір шетелдік инвесторлармен ынтымақтастық орнатуға және түрлі бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға дайын.
Облыс әкімі Семей ядролық полигонының жабылуы Қазақстан мен АҚШ арасындағы ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастықтың маңызды символына айналғанын атап өтті.
Биыл полигонның жабылғанына 35 жыл толып отыр. Сонымен қатар кездесуде Курчатов қаласының ғылыми бағытта дамуына қатысты жоспарлар сөз болды. Өз кезегінде Джули Стаффт Абай облысына алғаш рет келгенін айтып, өңірмен кәсіпкерлік, білім беру және басқа да салаларда әріптестік орнатуға мүмкіндік мол екенін атап өтті.
АҚШ елшісі сапар аясында Курчатов қаласына барып, бұған дейін қалыптасқан ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерімен танысуды жоспарлап отыр.