Берн одағының мүшелері Астанада бас қосады

402

Берн одағының елордадағы отырысы әлемнің 70-тен астам елінен 200-ден аса қаржы саласының жетекші сарапшыларын жинайды.  

Берн одағының мүшелері Астанада бас қосады Фото: canva

Іс-шараға экспорттық-кредиттік агенттіктердің, эксимбанктердің, халықаралық қаржы институттарының, жеке ірі сақтандыру компанияларының өкілдері қатысады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қатысушылар қатарында Bpifrance, Credendo, Euler Hermes, SACE, SINOSURE, US EXIM секілді ықпалды ұйымдар бар.

Іскерлік бағдарлама Берн одағының пленарлық отырыстарын, экспорттық-кредиттік агенттіктер комитетінің жұмыс сессияларын, Прага клубының жиынын қамтиды.

Күн тәртібіне цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдану, геосаяси ахуал мен салалық өзгерістер жағдайында экспорттық-кредиттік агенттіктердің жаңа индустриялық әрі саяси шешімдерге бейімделуі, тәуекелдерді бағалау мен сақтандыру өнімдерін басқарудағы инновациялық тәсілдер енгізіледі. Экспортты ынталандыруға қолайлы орта қалыптастыру мәселесі де назарда болады.

Осы халықаралық жиын аясында коммерциялық әрі саяси тәуекелдерді сақтандырумен айналысатын Aman Union кәсіби ұйымының атқарушы комитет отырысы жоспарланған. Бұл құрылым ислам елдері мен олардың серіктестері арасындағы сауда мен инвестицияны қолдауға бағытталған. Кездесуге ICIEC, DHAMAN, Turk Eximbank, Nigeria Exim, ASEI (Индонезия), COTUNACE (Тунис), CAGEX (Алжир) ұйымдарының топ-менеджерлері қатысады деп күтіледі. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ мен "Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" АҚ бақылаушы мәртебесінде болады. Мұндай формат отандық институттардың жаһандық экспорттық саясат қалыптастыру үдерісіне тікелей араласуына жол ашады.

Халықаралық деңгейдегі осындай алаңдар еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Берн одағы шеңберіндегі кездесулер инвесторлар сенімін нығайтуға, отандық компаниялардың шетелдік серіктестер арасындағы танымалдығын арттыруға, инвестициялық тартымдылықты күшейтуге мүмкіндік береді. Экспортты қаржыландыру мен сақтандыру саласындағы озық тәжірибелерді енгізуге де серпін береді.

Отырысты ұйымдастыратын "Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" АҚ Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов Берн одағының сараптамалық жиыны Астанада өтуі еліміздің халықаралық сауда жүйесіндегі орнын айқындай түсетінін жеткізді.

Берн одағы экспорттық кредиттеу мен инвестицияларды сақтандыру саласындағы халықаралық қағидалар мен стандарттарды қалыптастыруда айрықша рөл атқарады. Қазір одаққа мүше ұйымдар жыл сайын банктерге, экспорттаушыларға, инвесторларға төлем тәуекелдерінен шамамен 2,5 триллион доллар көлемінде сақтандыру қорғанысын ұсынады. Бұл жаһандық трансшекаралық сауда айналымының шамамен 13%-на тең.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу