Бес жылда 15 мың жамбылдық "Бастау Бизнес" арқылы оқыған

1196

Кәсіпкерлікке жол ашудың кәсіби бағдарына айналған жобаның арқасында талай тұрғын өз кәсібін ашқан. 

Бес жылда 15 мың жамбылдық "Бастау Бизнес" арқылы оқыған

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, жоба шеңберінде өз бизнесін ашқан тұрғындардың саны 9000-ға жуықтаған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ал жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды кәсіпкерлікке тегін оқытатын жобаның арнайы курстарында 2017-2021 жылдар аралығында облысымызда  15 721 адам оқыған.

Тағы бір атап өтетіні, курста оқып, кәсіп ашуды үйренгендердің 10 мыңға жуығы 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн қайтарымсыз грантқа ие болыпты. Сонымен қатар жеңiлдетiлген несиелер алғандардың қатары да көп.

Соның бірі – Сарысу ауданы, Саудакент ауылындағы жас кәсіпкер Рамазан Байтуған. Ол "Бастау Бизнес" арқылы курс оқып, қағаз сүлгі цехын ашуға 2 500 000 теңге көлемінде грант алды. "Кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 6 миллион теңге несие алып, бүгінде "Zhanatas салфеткасы" атауымен өнім шығаруда.

Жалпы осы жобамен 10 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан жүзеге асып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Айта кету керек, оқуға өтінімді Еңбек министрлігінің Business.Enbek порталында беруге болады. Үміткер өтінімді порталда бергеннен кейін күнтізбелік 10 күн ішінде нысаналы топқа тиесілігі тексеріледі. Business.Enbek порталында мақұлдағаннан кейін өтінім онлайн-оқудан өту үшін автоматты түрде Atameken Academy порталына жіберіледі. Оқу курсының ұзақтығы 25 күннен аспайды, бастысы – тегін. Ал өткен жылдардағы жобаға қатысушылар гранттық қаражатқа үміткер бола алмайды.

Оқуды аяқтап, сертификат алған "Бастау Бизнес" жобасының түлектері Еңбек министрлігінің Business.Enbek порталындағы "Грант" бөлімінде өтініш бере алады.

"Өз бизнес-жобаларын қорғаған "Бастау Бизнес" жобасының тыңдаушылары, оның ішінде 2017-2021 жылдардың қатысушылары кәсіпкерлік қызметін дамытуға "Атамекен" микроқаржы ұйымдарынан жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген несие алуға өтінім бере алады. Ол үшін облыстық және аудандық "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палаталарына жүгіну қажет", – дейді Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев.

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу