Бестеректе 6 баланы қаққан жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды

397

Ол эпилепсия диагнозымен есепте тұрған болып шықты.  

Бестеректе 6 баланы қаққан жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды Фото: bizmedia.kz

6 баланы қағып кеткен жүргізуші Аңсабаевтың он жыл бойы эпилепсия диагнозымен есепте тұрғаны анықталды. Үржар аудандық соты 55 жастағы ер адамды көлікті басқару құқығынан айырды, деп жазады inbusiness.kz сайты 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.

 Айыпталушының күрделі диагнозы бола тұра, жүргізуші куәлігін қалай алғаны белгісіз.

"Үржар аудандық соты Аңсабаевқа қатысты істі заң шеңберінде қарап, оның көлік құралын басқару құқығын тоқтатты. Ол кісінің диагнозы бар. G40.3 –эпилепсия синдромы. Бүгінгі күні ол кісі D есебінде тұрады", – дейді Үржар аудандық сотының төрағасы Шынар Оспанова.

Айта кетейік, 19 тамызда Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында жол апаты болып, 55 жастағы жүргізуші үйдің алдында ойнап жүрген 6 баланы басып кеткен.

Салдарынан 3-еуі қаза тауып, қалған үшеуі ауыр хәлде ауруханаға жатқызылды. Көлік қағып кеткен балалар ата-әжесіне қыдырып келген екен. 

20 тамыз күні ауруханаға жатқызылған үш баланың екеуі санавиациямен Астанадағы емдеу орталықтарының біріне жеткізілді. Жағдайды денсаулық сақтау министрі өз бақылауында ұстап отыр. Қазіргі жол апатынан аман қалған үш баланың да жағдайы ауыр, реанимацияда жатыр. Ал, апат кезінде көлік тізгіндеген жүргізуші 2 айға қамауға алынды. 

Қайғылы оқиғадан соң ұсталған жүргізушінің ұлы қара жамылған отбасылардан кешірім сұрап, үндеу жариялаған болатын. Оның айтуынша, жол апаты кезінде әкесінің жүрегі ұстап қалған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу