Біліктілікті растау нәтижесінде алынған сертификат дипломмен қатар жүреді

Оның артықшылығы неде? 

Біліктілікті растау нәтижесінде алынған сертификат дипломмен қатар жүреді Фото: primeminister.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кәсіптік біліктілік жүйесінің дамуы туралы айтты.

Вице-министр қазіргі уақытта экономиканы цифрландыру, жұмыстың жаңа форматтарын танымал ету және "өмір бойы оқыту" тұжырымдамасын қолдану қазіргі еңбек нарығының айрықша белгілеріне айналғанын атап өтті.

"Бүгінде оқу орындарының түлектері мен бос лауазымдарға үміткерлер олардың құзыреттілігін ресми тануға, жұмысқа орналасуды жеңілдететін кәсіби өсу мен ұтқырлыққа мүдделі болып отыр. "Кәсіптік біліктілік туралы" заң осы қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді", – деді Олжас Ордабаев.

Вице-министр Заң әлемдік тәжірибені жан-жақты талдауды және отандық Ұлттық біліктілік жүйесінің ағымдағы нәтижелерін бағалауды ескере отырып әзірленгенін атап өтті.

Вице-министр маңызды жаңалықтардың бірі – ерікті тәуелсіз сертификаттауды енгізуге егжей-тегжейлі тоқталды.

"Еңбек нарығындағы мықты бәсекелестік жағдайында біздің кез келгеніміз жаңа дағдыларды үйреніп, басқа мамандықтарды да игеріп отырумыз қажет, өйткені көптеген мамандықтар бойынша дағдылардың өзектілігі тек 2 жыл бойы сақталады. Сондықтан енгізіліп жатқан жүйе жаңа жұмысқа орналасу және іздестіру кезінде "катализаторға" айналады және бірінші кезекте түлектерге көмектеседі", – деді Ордабаев.

Оның айтуынша, тәуелсіз сертификаттау жүйесі әрбір маманға өз құзыреттерін нақты бағалауға, сол сияқты өз білімдерін, шеберлігі мен дағдыларын құжат түрінде растауға мүмкіндік береді.

"Бұл ретте формальды және баламалы білім беру процесінде алынған құзыреттер бағаланатын болады. Ал тиісті біліктілікті растау нәтижесінде алынған сертификат дипломмен қатар жұмысқа қабылдау кезінде, атап айтқанда жұмысшы кәсіптері бойынша негізгі құжатқа айналады", – деп атап өтті вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу