Білім берудегі өзгерістер көшбасшылары – жаңа сапа, жаңа серпін

177

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде 2023 жылдан бастап жаңа форматтағы басшылар құрамын іріктеу мен дайындауға бағытталған "Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы" жобасы жүзеге асырылып келеді.  

Білім берудегі өзгерістер көшбасшылары – жаңа сапа, жаңа серпін Фото: altainews.kz

Бүгінде жоба түлектері Батыс Қазақстан облысында "Келешек мектептері" директоры ретінде табысты қызмет атқаруда, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Олар білім беру ұйымдарын басқаруда заманауи тәсілдерді енгізіп, нәтижеге бағытталған орта қалыптастыруда. Жоба түлектері мектептерде стратегиялық жоспарлау, цифрлық трансформация, педагогикалық команда құру, білім сапасын арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізуде.

Бұл жобаның нәтижесі – тек жаңа басшылар ғана емес, сонымен қатар оқу үдерісін басқарудағы жаңаша көзқарас пен тиімділік. Жаңаша ойлайтын, жауапты, бәсекеге қабілетті мектеп директорлары – еліміздің білім келешегінің кепілі.

1. № 2 Подстепный жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Турсинова Жадыра Бериковна.

Қазіргі таңда мектепте неше оқушы неше ауысымда білім алуда?

Оқушылардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында қандай үйірмелер және спорттық секциялар өткізілуде? Мектеп базасында  оқушылардың толыққанды білім алуына, олардың дамуы үшін, қауіпсіз жағдайда білім алуы үшін қандай жағдай жасалған ?

2025 жылдың 14 сәуір күні 1200 орынға арналған білім ордасы ашылып, Подстепный ауылындағы тығыздылығы жоғары үш ауысымды мектеп жойылды. Білім алушылар мен педагогтерге қауіпсіз және жайлы жағдай жасалған. Қазіргі таңда мектебімізде 686 оқушы 1 ауысымда білім алуда. Оқушылардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында екінші ауысымда "Робот техникасы", "Домбыра", "Би" үйірмелері және спорттық секциялар өткізілуде. Және сабақтар арасындағы үзіліс кезінде "Ақылды қоңырау" жобасы аясында мектеп коворкингтерінде зияткерлік, логикалық, ұлттық ойындар ойнатылады. Мектебімізде  оқушыларымыздың еш қиналмай білім алуына, олардың дамуы үшін, қауіпсіз жағдайда білім алуы үшін тиісті жағдайдың бәрі жасалған. Мектеп жанында "IQ ЖАЗ" жазғы демалыс лагерь өтуде. "IQ ЖАЗ" мектеп жанындағы жазғы демалыс лагерінің мақсаты: белсенді демалысты ұйымдастыру, балалардың толыққанды демалуын, олардың шығармашылық дамуы мен сауығуын қамтамасыз ететін оңтайлы жағдайлар жасау.

     2. Орал қаласындағы №51 мектептің директоры, "Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы" жобасының 2023 жылғы кадр резерві мүшесі – Жақсығали Төлегенұлы.

Мектеп қашан ашылды? Қазіргі таңда неше оқушы мектепте оқып жатыр?

Орал қаласы Деркөл кентінің Сарыарқа шағынауданында орналасқан мектебіміз 2023 жылдың 24 желтоқсанында салтанатты түрде ашылды. Мектептің пайдалануға берілуімен кенттегі №49 орта мектептегі үш ауысымдық мәселе толық шешімін тапты. Қазіргі таңда мектепте 52 сынып жасақталып, 1237 оқушы білім алуда. Оқушылармен бірге №49 мектептен 92 педагог ауысу тәртібімен келді және қажеттілікке байланысты жаңа мамандар қабылданып, жалпы 101 педагогпен оқу жылының ІІІ тоқсанынан бастап оқу процесі басталды.

Жаңа орта мен жаңа ұжым жағдайында жұмысты тиімді ұйымдастыру мақсатында алдымен оқушылар мен мұғалімдер арасында зерделеу жұмыстарын жүргіздім. Бұл зерттеу маған оқушылардың қажеттіліктерін, мүдделерін және олармен тиімді қарым-қатынас орнату жолдарын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, мұғалімдердің кәсіби деңгейін бағалау, оларды қолдау мен ынталандырудың тиімді тәсілдерін анықтауға септігін тигізді.

Келешек мектептің басты ерекшеліктері қандай?

Зерделеу нәтижесінде оқушылардың шығармашылыққа, спортқа және зерттеу арқылы жаңаны тануға бейімділігі айқындалды. Осы бағытта педагогикалық ұжыммен кеңесе отырып, оқушылардың қабілетін дамытуға бағытталған қуыршақ театры және мектеп театры жобаларын іске қостық. Сонымен қатар, "Жас ақындар" және "Ұлттық ойындар" үйірмелерінен де мол үміт күтеміз. Қазіргі уақытта оқушыларымыз жетекшілерімен бірге жақсы нәтижелер көрсете бастады. "Жас ақындар" айтысына қатысып жүрген оқушыларымыз бар. Ұстаздарымыз республикалық асық ату жарысында жүлделі орындар иеленсе, оқушыларымыз Түркістан қаласында өтетін республикалық сайысқа жолдама алды.

Келешек мектепке зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған құрылғылармен жабдықталуы – ғылыми ізденіс пен тәжірибелік жұмыстар жүргізуге кең мүмкіндік береді. Бұл құрылғылар, әсіресе, биология пәнінде белсенді қолданылуда. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, шығармашылық және ғылыми қызығушылықты дамыту үшін жоғары сынып пен бастауыш сынып мұғалімдеріне интеграцияланған жоба ұсындым. Бұл менің жұмысымның бастауы ғана, алдағы уақытта нақты іс-шаралар арқылы даму жалғасын табатын болады.

Біздің басты ұстанымымыз – мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар арасындағы сенімді байланысты нығайту. Ортақ мақсат жолында мектеп қауымдастығының барлық мүшелерін жұмылдыру арқылы ғана біз сапалы білім беріп, келешекке сенімді қадам жасай аламыз.

Келешек мектептер – бұл тек заманауи инфрақұрылым ғана емес, ең алдымен сапалы білім, жоғары мәдениет және өзара құрмет пен сенім орнаған орта. Осы жолда жүйелі түрде жұмыс жасап, еліміздің білім беру жүйесіне өз үлесімізді қосуға дайынбыз.

3. Орал қаласындағы №52 мектептің директоры, "Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы" жобасының 2023 жылғы кадр резерві мүшесі – Рахметуллина Самал Гайсиевна.

 № 52 жалпы орта білім беретін мектебінде  "Келешек мектеп" жобасының негізгі мақсаты қандай ? Жобаның артықшылықтары қандай ? Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қандай жағдай жасалған?

Қазіргі таңда елімізде білім беру саласын жаңғырту – мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған "Келешек мектептері" ұлттық жобасы – білім беру жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама.

"Келешек мектептері" жобасының негізгі мақсаты – мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу, үш ауысымды және апатты мектептерді жою, оқушыларға заманауи, қауіпсіз әрі жайлы ортада сапалы білім алуға жағдай жасау. Сонымен қатар, бұл жоба қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру инфрақұрылымы теңсіздігін жоюды көздейді.

 Оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасайтын жоба аясында Орал қаласының білім беру бөлімінің  "№52 жалпы орта білім беретін мектебі" коммуналдық мекемесі жаңа ғимаратқа ресми түрде алғаш қадам басты. Х.Доспанова атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектебінен  1118 оқушы иен 77 мұғалім ауысып келді. Нәтижесінде №30 жалпы орта білім беретін мектептегі орын тапшылығы мен  үш ауысымды оқу мәселесі шешілді. Конкурс негізінде 21 мұғалім жұмысқа орналасып, жұмыссыздардың қатары да азайды.

Келешек мектептің артықшылықтары?

"Келешек мектептері" – еліміздегі білім беру жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған ірі жоба. Оның ең басты артықшылығы – оқушыға барынша қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастыруында. Мектеп ғимараты кең, жарық, заман талабына сай жабдықталған. Мектебіміздің жобалық қуаты – 1500 орынға арналған, үш қабатты. Мектеп 10 блоктан тұрады. Мектепте 70 заманауи оқу кабинеттері бар. Барлық сынып бөлмелері интерактивті тақталармен, компьютерлермен, пәндік зертханалармен, ІТ және робототехника кабинеттерімен толық жабдықталған.  Мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі берілген. STEM, үй мәдениеті,   тамақтану мәдениеті, дизайн және технология, биотехнология, ойын кабинеттері де бар. 

Қорыта келе, "Келешек мектептері" – бұл жай ғана мектеп ғимараты емес, бұл – сапалы білім, қауіпсіздік, жайлы орта, заманауи инфрақұрылым және оқушының жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін бірегей жоба. Бұл жоба әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етіп, әрбір баланың сапалы білімге қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Бұрын үш ауысымда оқыған немесе апатты мектепте білім алған балалар енді жаңа, кең, жарық, заманауи мектепте бір ауысымда оқиды.

Біз осындай талапқа сай мектепте оқушыларымыздың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп, сапалы білім беруді басты мақсат етіп отырмыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу