Сарапшы: Білім берудегі теңсіздікті жаңа технологиялар арқылы шешу керек

1279

Білім беру саласындағы теңсіздікті жаңа технологиялар арқылы шешу қажет. Бұл туралы Bilim Media Group басшысы Рауан Кенжеханұлы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сарапшы: Білім берудегі теңсіздікті жаңа технологиялар арқылы шешу керек

"Education (білім) және Technology (технология) сөздерінің қысқарған тіркесі EdTech жаңа индустрияның атына айналды. Менің ойымша, бұл бізге зор үміт береді. Себебі білім берудегі технологияларды тиімді қолдану дамыған әлем үшін емес, дамушы елдер үшін де өте маңызды. Оның басты мақсаты – ауыл мен қаланың, орталық пен аймақтың білім сапасындағы теңсіздігін жою", деді басшы Nobel фестивалінде.

Оның пікірінше, бұл Қазақстан сияқты дамушы мемлекет үшін өзекті.

"Себебі білім беру саласына түсетін демографиялық салмақ күн өткен сайын артып келеді. Әлемде 100 млн-дай бала мектепке бара алмайды. Алдағы 10 жылда әлем мектептеріне 1 млрд жаңа оқушы келеді. Олардың барлығын жаңа мектеппен қамту мүмкін емес. Елімізде 7 400 мектепте шамамен 3,5 млн оқушы білім алады. Олардың 80%-ы екі ауысымды мектепте оқиды. 2800-ден аса ауылдық шағын жинақталған мектепте түрлі жастағы балалар ортақ сыныптарда бірге отырады. Бұл мәселені дәстүрлі жолмен шешуге қыруар қаражат пен уақыт керек. Сондықтан сапа теңсіздігін реттеп, алшақтықты жоюда технологиялар мүмкіндігін қолданудан артық тиімді жол жоқ", – деді Рауан Кенжеханұлы.

Басшы елдегі барлық оқушыға тең мүмкіндік беретін білім беру жүйесі керегін атап өтті.

"Қала баласы мен ауыл баласының білім алу мен өмірге қажетті дағдыларды игерудегі мүмкіндіктері тең болуы тиіс. Бұл мәселелердің шешімін тағы да жаңа технологиялардан табамыз. Қазіргі технологиялық мүмкіндіктер мен білім берудің мақсаттары тоғысқан тұста пайда болған EdTech қызметтері білім сапасын арттыруға және оның қолжетімділігін қамтамасыз етуге жол ашты. Мұндағы міндет – ең озық мектептер мен ең білікті мұғалімдердің тәжірибесін технологиялардың көмегімен әр балаға жеткізу. Осылайша, бұл қызметтер ұстаздың, оқушының және ата-ананың толыққанды цифрлы көмекшісіне айналады", – деді басшы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу