Білім гранттарының 70 пайызы "ІТ" мамандықтарына бөлінеді

1261

Білім гранттарының 70 пайызы "ІТ" мамандықтарына бөлінеді

Биыл облыстағы білім гранттарының саны екі есеге дейін көбейіп, олардың 70 пайызы ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға бөлінетін болады. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихат сессиясының отырысында айтты, деп хабарлайды egemen.kz.

Аймақта 2013 жылдан бері жыл сайын ауылдық жерлердегі көпбалалы және тұрмысы төмен отбасынан шыққан дарынды түлектер үшін облыс әкімінің 100 гранты бөлінетін. Бүгінде мұндай грантты иеленушілердің саны 700 -ге жетті.  Биылдан бастап облыс әкімінің гранты 2 есеге өсіп, 205-ке жетіп отыр. 2014 жылдан бастап Ресей Федерациясы Үкіметінің есебінен аймақтың мектеп бітіруші түлектері Мәскеу мен Санкт-Петербургтің үздік техникалық жоғары оқу орындарына оқуға жіберілуде. Алғашқы 75 түлектің 62-сі дипломдарын алып, елге оралса, 13 түлек магистратурада оқуларын жалғастырады. Оларды жұмыспен қамту мәселесі қарастырылуда. - Облыстың бірқатар кәсіпорындары түлектерді жұмысқа қабылдауға дайын. Мысалы, "ҚазАтомПром" ұлттық компаниясы 11 жас маманды, "Гежуба Шиелі Цемент" серіктестігі 8 адамды жұмысқа қабылдауды жоспарлап отырса, "СКЗ-U" күкірт қышқыл зауыты, Қызылорданың кішітонажды мұнай өңдеу зауыты, "Кристалл менеджмент" және басқа да ірі кәсіпорындар түлектерді жұмысқа алуға ниетті. Бірқатар түлектер мемлекеттік қызметтің кадрлық резервіне алынатын болады, - деді облыс әкімі.

Тағы бір жағымды жаңалық, келер жылдан бастап М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің "Киберқауіпсіздік" және "Процестерді математикалық модельдеу" мамандықтары бойынша облыс жастарына магистратурада оқу үшін 20 грант бөлінеді. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу