Америкалық миллиардер Билл Гейтс бар байлығын болашақта қайырымдылық қорына беруді жоспарлап отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Болашақта мен қорға бар жиған-тергенімді беруді жоспарлап отырмын. Осылайша, әлемдегі ең бай адамдардың тізімінен шығамын", – деді Билл Гейтс.
Ол шілде айының соңына дейін бұрынғы әйелі Мелинда Гейтспен 2000 жылы бірлесе құрған Bill & Melinda Gates Foundation қайырымдылық қорына 20 миллиард доллар аударатынын айтты. 2026 жылға дейін қор шығыны 6 млрд доллардан 9 млрд долларға дейін ұлғайтылмақ.
"Мен өз ресурстарымды қоғамның өмірін жақсартуға септігін тигізетіндей етіп қайтаруға міндеттімін. Басқа да ауқатты осындай қадамға барады деп үміттенемін", – деді миллиардер.
Bill & Melinda Gates Foundation – АҚШ-тағы ең ірі жеке қор. Қордың негізгі мақсаты – денсаулық сақтау саласын жетілдіру, кедейшілікпен күресу, білім беру мүмкіндіктерін кеңейту және ақпараттық технологиялар қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Табиғат Нұрболат