Әлемдегі ең ірі криптовалюта биржаларының бірі Binance ауқымды кибершабуылға ұшырады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Күмәнді операциялар 29 қазан кешкі уақытта байқалған. Блокчейндегі ақша қозғалысын бақылайтын сарапшылар Binance әмияндарынан миллиардтаған доллардың жаңадан ашылған белгісіз мекенжайларға аударылғанын анықтаған.
Алғашында күмәнді аударымдардың жалпы сомасы 5,57 млрд доллар деп бағаланды. Алайда 30 қазанда Binance оқиғаның ауқымы шамамен 6,3 млрд долларға жеткенін ресми түрде хабарлады.
Компанияның мәліметінше, әзірлеуші инженердің ноутбугына хакерлік шабуыл жасалған болуы мүмкін
Binance компаниясы қазіргі уақытта салымдар мен ақша алу процесін уақытша тоқтатып, пайдаланушылардың барлық шығынын өтейтінін және тергеу жүріп жатқанын ресми түрде хабарлады.
"Binance компаниясының алғашқы тергеуі DevOps инженерінің ноутбугына жасалған шабуылдан болуы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл оның қызмет контейнеріне кіруге және рұқсатсыз ақша алуына мүмкіндік берді. Біз әмиянның құпия кілтінің таралып кетуі мүмкін деген жағдайға байланысты ешқандай дәлел таппадық. Тергеу аяқталғаннан кейін және фактілер толық расталған соң техникалық талдау нәтижесін жариялаймыз", – деп жазды компания.
Аталған оқиғадан соң криптовалюта нарығында баға төмендеді. Bitcoin мен Ethereum 3%-дан астам, ал Binance биржасына байланысты BNB токені шамамен 5% арзандады. Егер шабуылдың ауқымы толық расталса, бұл криптовалюта нарығы тарихындағы ең ірі ұрлық оқиғаларының біріне айналуы мүмкін.