Компанияның бұрынғы басшысы Анатолий Балушкин 9 жылға, тағы бір айыпталушы Ерік Сағымбаев 8 жыл 6 айға сотталды.
Сот отырысы 14 сәуірде Өскеменде өтті. Екеуі де Қазақстаннан тыс жерде жүр және Ресей Федерациясының азаматтығын алған. Сондықтан үкім сырттай шығарылды, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Балушкин мен Сағымбаев аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сондай-ақ, оларға Қазақстан аумағында басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.
Тергеу деректеріне сүйенсек, олардың заңсыз әрекетінен мемлекетке 230 млрд теңге көлемінде шығын келтірілген.
Балушкиннің мүлкін тәркілеу туралы қаулы шығарылды. Қорғаушы тарап істі Ресейдің құзіретіне беруді сұрады, бірақ сот одан бас тартты.
Айта кетейік, бұған дейін "Азия Авто" компаниясы Өскеменде автомобиль зауытын салу бойынша өз міндеттемелерін орындағаны хабарланған. 2021 жылы сот компанияны мемлекетке 174 млрд теңгені қайтаруға міндеттеді. Алайда, наурыз айында акционерлік қоғамда жаппай қысқарту орын алып, өндіріс ақыры тоқтады. Бірақ акционерлер бюджет шығындарының орнын толтыруға асықпады.
Компаниялар тобының басшысы Анатолий Балушкинге 2021 жылы іздеу жарияланған, оның шетелге кетіп қалғаны белгілі. Кәсіпорын мемлекетке 174 млрд теңге қарыз.
Айта кетейік, осыған дейін ШҚО-да "БИПЭК АВТО" компаниясынан тәркіленген шипажай аукционда сатылды.