Онда сотталушылар соңғы сөзін айтып, жеңіл жаза беруін сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Хасан Қасымбаев соңғы сөзін "өзімді ақтау үшін емес, әділдік үшін айтып тұрмын" деп бастаған.
– Бұл іс Шерзат Полатты өлімінен пайда болды. Қоғамды тыныштандыру үшін бір "кінәлі" керек болды, сол адам етіп мені таңдады. Алайда шындық жеңуі керек. Дәлелсіз адамды айыптау – тек маған емес, менің отбасыма да жасалған әділетсіздік, – деді ол.
Оның сөзінше, тергеу барысындағы заңбұзушылыққа ешкім назар аудармаған. Сонымен қатар, прокурордың өзіне 15 жыл сұрауын да бассыздық деп бағалап отыр.
– Мемлекеттік айыптаушы менің құқығымның бұзылғанын, істің шикі екенін біле тұра, 15 жыл бас бостандығымнан айыруды сұрады. Бұл – әділетсіз әрі заңға қайшы. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, мұндай бассыздық болмауы керек, – деді Қасымбаев.
Сөз соңында ешқашан қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын айтып, кәмелетке толмаған балалары барын және заңға әрқашан бағынған адам екенін ескертті.
Сонымен қатар, ол жәбірленуші фитнес-жаттықтырушы Арман Әлімовтің өзін "Хутор" деп аталатын қылмыстық топтың басшысы" деп жалған айыптағанын мәлімдеді. ІІМ де мұндай топтың жоқ екенін ресми түрде хабарлаған-ды.
– Соттан менің және отбасымның өмірін талқан етпеуді сұраймын. Құдай мен заң алдында ақпын. Сот әділ шешім шығарады деп сенемін, соңғы үмітім – сізде. Мені ақтауыңызды сұраймын, – деді Хасан Қасымбаев.
Айта кетейік, Хасан Қасымбаев пен өзге де сотталушыларға қатысты үкім 11 қараша күні сағат 10:00-де оқылады.
Бұған дейін "Хутор" бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаевтың соты өтіп жатқанын және оның 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін хабарлаған едік.