Бір отбасының 9 келіні жеңімпаз атанды

2674

Маңғыстау облысының Ақшұқыр ауылында тұратын Жауыновтар отбасының 9 бірдей келіні жүлдемен оралды. 

Бір отбасының 9 келіні жеңімпаз атанды

Олар елордада өткен республикалық "Абысын-Ажын" сайысына енесімен бірге қатысып, ұпай санымен де, өнерімен де топ жарып, бас жүлдені иеленді. Өнегелі отбасын әуежайдан туыстары мен достары ерекше құрметпен қарсы алды.

Байқау "Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. Ұлттық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында көздеген бәсекеге еліміздің түпкір-түпкірінен 10 отбасы қатысқан. 

Жауыновтар отбасының келіндері байқаудың бірінші кезеңінде өздерін таныстырып, екінші айналымда "Шебердің қолы алтын" тақырыбында бақ сынады. Бұл кезеңде шаңырақтың келіндері өздері басқан "Дәстүрге жол" деп жазылған текеметті көрсетті. Одан бөлек, балық асып, бидай ұнының қамырын қазанда қайнатып елордалықтарға ұсынды. Ал өнер көрсету кезеңінде 9 келін "Ақтамақ" әнін жанды дауыста орындап, енесі баян аспабымен сүйемелдеген.

"Бұлар Алланың берген сыйы ғой. Емген ақ сүттерін ақтап, осындай дәрежеге жеткізіп, менің мерейімді асырып алып келе жатыр. Мен өте қуаныштымын. Ойлаған арманыма жеттім. Отбасы құндылығы деген осы. Ене мен келін сабақтастығы, ауызбіршілігі мен өнегесі ұрпаққа мұра", – дейді байқауға қатысушы әже, келіндерге үлгілі ене Қымбат Далабаева.

75 жастағы Қымбат әжей салт-дәстүрімізді насихаттаушы, қазақтың киіз үйін дәріптеуші, он саусағынан өнер тамған шебер. Жауыновтар отбасының 9 ұлынан 37 немере, 37 шөбере өрбіген. Әр қайсысы өз ортасына беделді, үлкенге ізетті, кішіге құрметті азаматтар.

"Қазақ аналары-дәстүрге жол" ҚБ МОФ мүшесі Мәнет Шырақбайдың айтуынша, байқауға облыс атынан қатысуға Жаңаөзен қаласы, тағы да басқа ауылдардан көптеген келіндерден ұсыныс түскен. Жауыновтар әулетіне таңдау жасалды. Байқау шарттары оңай болған жоқ. Барлық тапсырманы ең жоғарғы балл 50 балмен орындап шыққан маңғыстаулық келіндер болды. Қазылар алқасының құрамына өте мықты тұлғалар енген.

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу