Ол жиында Жұмыс тобының конституциялық реформаға қатысты ұсынған жаңашылдықтарын тарқатып айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бірінші – Құрылтайдағы депутат саны туралы
– Бұл мәселе Жұмыс тобы мүшелері арасында біраз пікірталас туғызды. Біздің түпкі мақсатымыз – кәсіби әрі тиімді Парламент құру. Осыны ескере келе, Жұмыс тобы Құрылтайда 145 депутат болуы керек деген тоқтамға келді, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Екінші – Құрылтайға депутат болудан үміткерлерге қойылатын талаптар туралы
– Осы мәселеге қатысты да түрлі пікір айтылды. Бұлай болуы заңды да. Кейбіреулер қазіргі талаптарды сол күйі қалдырайық, ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ деген пікір айтты. Енді біреулер талаптарды барынша қатаңдату қажет деп санайды.Қазіргі заң бойынша жасы 25-тен асқан азаматтарымыз Мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ, олар кейінгі 10 жылда еліміздің аумағында тұрақты тұруы шарт.
Ең бастысы, елге қызмет етем деген азаматтардың халық қалаулысы атануға мүмкіндігі болуы қажет. Жұмыс тобы қазіргі Мәжіліс депутаттарына қойылатын талаптар Құрылтайға да қатысты болып, сол қалпында қалғаны жөн деген пайымға келді. Ал Құрылтай депутаттарына қойылатын қосымша талаптар конституциялық заңда айқындалуы мүмкін, – деді Ерлан Қарин.
Үшінші – Құрылтай депутаттарын сайлау жүйесі туралы
– Жұмыс тобы толығымен пропорционалды тәсілге көшуді бірауыздан қолдады. Бұл – Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйектегі Жолдауында көтерген бастама. Сол кезде Президент: "Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл – әлемде кеңінен таралған парламенттік рәсім" деген болатын. Пропорционалды сайлау жүйесі партиялардың кадрлық саясатын дамытып, институционалдық рөлін арттыра түседі. Саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін де күшейтеді, – деді Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары.
Төртінші – Құрылтай депутаттарының өкілеттілік мерзімі туралы
– Мемлекет басшысы бұған қатысты ұстанымын Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен отырысында айтты. Ол "Жаңа Парламентте депутаттарды 5 жыл мерзімге сайлау көзделіп отыр" деп нақты атап өтті. Жұмыс тобы да осы пайымға тоқтады. Бұл мерзім болашақ Құрылтай құрамын жаңартып отыру тұрғысынан тиімді, яғни сайлау науқандарының жиілігі жағынан алғанда қолайлы болмақ, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Бесінші – Бір палаталы Құрылтайдың заң шығару үдерісі туралы
– Бұл мәселе де Жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде, Құрылтай жұмысына заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматын енгізу ұсынылды. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады. Ал үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық тұрғыдан дұрыстығын қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, заң шығару үдерісінің үздіксіз болуын қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Парламентте екінші палатаның болмауы бұған кедергі келтірмеуге тиіс. Сондықтан, Парламент болмаған кезде заң шығару функциясы мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы – Президентке жүктеледі. Жұмыс тобы осындай ұсыныс енгізді, – деді Ерлан Қарин.
Алтыншы – Парламенттегі квоталар
– Бұл туралы Президент Ұлттық құрылтай отырысында егжей-тегжейлі баяндады. Мемлекет басшысы айтқандай, "президенттік квота" деген болмайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың отырысында "Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған "таңдаулы тұлғалар" болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс" деді. Мұндай қадам болашақ Құрылтайдың құрамын жасақтағанда бәріне бірдей мүмкіндік берілуін қамтамасыз етеді. Ал әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады. Себебі бұл – Парламенттік емес, партиялық тізімдегі квота. Мұның барлығы конституциялық заңдар деңгейінде шешілетін мәселелер, – деді Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары.
Жетінші – Президент институтының қызметіне қатысты Құрылтайдағы дауыс кворумы туралы
– Бұл да Жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Жұмыс тобы қазіргі Конституцияның 47-бабында қамтылған барлық рәсімдерді болашақ Құрылтай моделінде қалдыруға болады деген байламға келді. Бұл – тепе-теңдік тежемелік механизмдерін сақтауға мүмкіндік беретін қадам. Сондықтан, қазіргі конституциялық рәсімдер мен дауыс берудің ара қатынасын Құрылтай моделіне бейімдей отырып сақтап қалу ұсынылды, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Сегізінші – Негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау ісіндегі Құрылтайдың құзыреті туралы
– Жұмыс тобының бұған қатысты ұсыныстарын Мемлекет басшысы Қызылордадағы Құрылтайда айтып өтті. Бір палаталы Парламент үлгісіне көшуге байланысты заң шығарушы органның рөлін күшейту кезінде тежемелік тепе-теңдік жүйесін қамтамасыз ету өте маңызды. Қазіргі Конституцияға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген.
Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсыныс айтылды. Бұған қоса Президенттің ұсынысы бойынша Жоғары соттың барлық судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру ұсынылды.
Сонда Құрылтай конституциялық органдарды қалыптастыратын беделді институтқа айналады. Бұл – билік тармақтары арасындағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін нығайту және ұлттық парламентаризмді дамыту жолындағы маңызды қадам. Осылайша, Жұмыс тобы Сенаттың ерекше қарауына кіретін өкілеттіктерді қайта қарады. Ал, Мәжілістің өкілеттіктерін Құрылтайға беру ұсынылды. Мұндай тәсіл "Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасымен толық үндеседі, – деді Ерлан Қарин.