Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бір палаталы Парламент құруды ұсынды. Депутаттардан осы мәселеге қатысты пікірін білдік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет басшысы сенаторлар өз жұмысын осы шешім қабылдағанға дейін жалғастыратынын айтты. Одан кейін сенаторларда кәдімгідей белсенді сайлау құқығы бар. Егер сенаторларда сондай қажеттілік болса, оларда да сайлауға қатысуға мүмкіндігі бар. Егер бір палаталы Парламент болса, онда жалпы Парламентті жаңадан сайлау мәселесі де күн тәртібіне енгізіледі. Біздің құрамымыз өзгеруге де уақыт аз қалды ғой. Бірнеше сессия өтті, өкілеттігіміз азайды", – деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкімет үйіндегі кулуарда.
Ал депутат Абзал Құспанның айтуынша, бұл – заманның талабы.
"Бір жылдың үстіндей уақытымыз бар. 2027 жылға дейін деп айтылды ғой. Бір палаталы Парламент құруға байланысты үлкен дайындық жұмыстары басталады деп есептеймін", – деді ол.
Мәжілісмен шағын республикаға екі палаталы Парламент қажет емес деген пікірде.
"Менің Парламентке келгеніме төрт жылдан асып кетіпті. Осы мәселе көптен бері айтылып келеді. Мен осы ойды дұрыс деп есептеймін. Бұл жерде Сенатты алып тастап, тек қана Мәжілісті қалдыру емес, жалпы бір палаталы Парламент құру. Оның аты Мәжіліс бола ма, Ұлттық құрылтай бола ма – оны уақыт көрсетеді", – деді депутат Еділ Жаңбыршин.
Әріптерінің сөзін Ермұрат Бәпи жалғады.
"Президент бір палаталы Парламент партиялық негізде құрылса деген пікірін айтты. Әрине, дұрыс. Әлемде АҚШ-ты, Еуропа елдерін қараңыз, парламент партиялық негізде құрылады. Бірақ біздің ел транзиттік мемлекет болғандықтан, оның үстіне қоғам саяси тұрғыда тұрақты қалыптасып үлгермегендіктен, партияда жоқтардың құқығы қандай болады деген сұрақ туады. Осы тұрғыдан Президент партиялық негізде Парламент құру үшін қоғаммен жұмыс істеу керек деген ой айтты", – деді ол.
Айта кету керек, бұған дейін Мемлекет басшысы бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенін жазған едік.