Бір спортзалда үш сынып сабақ өтуге мәжбүр

1371

Тараз қаласындағы №54 мектепте денешынықтыру пәні "для галочки" өте ме?

Бір спортзалда үш сынып сабақ өтуге мәжбүр Фото: Оралхан Дәуіттің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Тараз қаласындағы №54 орта мектептің пайдалануға берілгеніне бар-жоғы 15-ақ жыл болған. Алайда білім ошағының қазіргі жағдайына назар аударсаңыз, 15 жыл емес, 150 жыл бұрын соғылған нысан екен деп ойлап қалуыңыз әбден мүмкін. Мәселесі шашетектен, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Мәселен өткен жылы Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің мүшелері білім ордасына арнайы барып, зерделеу жұмыстарын жүргізген болатын. Сонда мектептің қабырғалары жарылғаны, қар еріп немесе жауын жауса төбесінен су ағатыны белгілі болды. Сол кезде мектеп директоры Раиса Дастенқызы білім ошағының күрделі жөндеуді қажет ететінін, алайда қаржы бөлінбегенін сөз еткен. Қаржы мәселесі шешілмесе керек, мектепке күрделі жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілген жоқ.

Жуырда аталған мектепке зерделеу жұмыстарын жүргізген Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары басқа да бірқатар мәселелерге қанығып қайтты. Зерделеу барысында анықталған кемшіліктерді Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, белгілі журналист Оралхан Дәуіт "Facebook" әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Тараз қаласындағы мектептерде денешынықтыру сабағы қалай өтеді, мектептердің спортзалы қандай, қалай жабдықталған, спорт үйірмелерінің жұмысы көңіл көншіте ме? Міне, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары осы мәселелерді зерделеу мақсатында білім ошақтарын аралап жүр. Көптеген мектептердің спортзалы тар, ескі, жабдықтары тозған. Көбісі салқын.

Бізді әсіресе, Тараз қаласындағы №54 мектептегі жағдай таңқалдырды. Мектептің пайдалануға берілгеніне оншақты жыл болған. Сыртқы келбетінен тоза бастағаны байқалып тұр.

Бізді таңқалдырғаны, спортзалында екі сынып оқушылары денешынықтыру пәнін өтіп жатса, тағы бір бұрышында үйірме жұмыс істеп жатыр. Сонда залда үш сынып қатар сабақ өтіп жатыр деген сөз.

Ал бір бұрышта оқушы балалар жиналып, әңгімені соғып отыр. Сұрасақ, бұлар зал суық деп шешініп, спорттық киімдерін киюден бас тартқан оқушылар екен. Зал шынында салқын.

Қысқасы бұл мектепте денешынықтыру пәні "для галочки" өтіп жатқан сияқты. Залда денешынықтыру емес, той, мереке болып жатқандай, бәрі абыр-сабыр... Бет-бетімен жүр.

Қайтып бара жатқанда бір мұғалімнен "Бұл мектепте оқушылар шамадан тыс көп болғандықтан осындай жағдай болып жатқан шығар" деп сұрадық. "Жоқ, оқушы саны норма, анау айтқандай артық бала жоқ. Қайта жақында біраз баламыз жаңадан ашылған №64 мектепке ауысып кетіп, азайып қалдық қой" деп қалды...

Ендеше денешынықтыру пәні бойынша неге тиімді кесте жоқ? Зал неге салқын? Оқушылар мен мұғалімдер неге сабаққа салғырт қарайды?" деп алаңдаушылығын білдіреді депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу