Бір топ адамды кепілге алған Мурадов деген кім?

2550

Бас қалада дүрбелең салып, 7 адамды кепілге алған Мурадовтың банк алдындағы берешегі небәрі 300 мың теңге болған.

Бір топ адамды кепілге алған Мурадов деген кім?

Мұны күдіктінің ет-жақындары айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Ал министр Ахметжанов бүгін басқыншыға "өз еркіңмен кепілдегілерді босатсаң, жазаң жеңілдейді" деген желеумен адамдарды босатып алғанын айтады. Тіпті келіссөзге барғанда оқ өткізбейтін кеудешені шешуге мәжбүр болыпты. Көпшілікті кепілге алған Мурадов бұған дейін не істеп, немен айналысты?

Тұтас жұрттың жағасын ұстатқан жексенбіде болған оқиға ел тарихында алғаш рет тіркелді. Мұндайды кинодан ғана көрген көпшілік, желіде "бұл полицияның арнайы қойылымы ма?" - деп күдікке салды. Бірақ күн өте, ресми ақпар таратқан ішкі істер министрлігі  "имидж көтерудің амалы" дегенді теріске шығады.

Министр әуелі басқыншымен телефон арқылы тілдесіпті. Кейін бөлімшеге келгенде, келіссөз үшін күдікті қорғаныс киімін шешуді талап еткен. Министр сөзіне иланбаған соң, іске арнайы жасақ кіріседі. Ал тапанша болса, күдікті қолына қалай тигені әзірге белгісіз. Бұған қаңтар оқиғасының қатысы бар-жоғы да тек сараптамадан соң айқындалмақ.   

Енді сот тыңдалымына министр Ахметжановтың өзі куәгер ретінде шақырылуы мүмкін. Шулы іске байланысты "адамды кепілдікке алу" бабы бойынша тергеу басталды. Демек, басқыншы кемі 7 арты 12 жылға дейін абақтыға айдалуы мүмкін. Айта кетейік, Мурадов бұрын алаяқтық пен ұрлық бабы бойынша істі болғаны да мәлім. Азамат жайлы туған-туысын сөзге тартқанда тілдесуден түбегейлі бас тартты.

Алайда көрші-қолаң азамат жайлы жағымды пікірде. Күдікті Жамбыл облысына қарасты Гродекова ауылында туып-өскен. Ауылдықтар 30-дағы жігітті бәз біреулер теріс қылыққа итермелеуі мүмкін деп отыр. Күдікті үйленбеген. 11 жылдық мектеп бітірген соң, жалдамалы жұмысшы боп әр жерде еңбек еткен. Тіпті Түркия асып, жұмыс істеп келгені айтылады. Өзі 4 ағайынды. Анасы 5 жыл бұрын қайтыпты. Жақындары жағдайды желіден  көріп, есеңгіреп қалғанын айтады. Бір ай бұрын Астанаға табыс табу үшін кетіпті.

Деректерге сүйенсек, азамат 2013 жылы есірткі құралын пайдаланушы диагнозымен есепке алынған. 3 жылдан соң есептен шығарылған.

Айта кетейік, Астанадағы банк бөлімшесін басып алып, 7 қызметкерді кепілге алған азамат қазір тергелуде. Уақытша ұстау изоляторына қамақта жатыр. Елді елең еткізген оқыс жайттан абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу