Қаржы министрі Мәди Такиев Мәжілістің жалпы отырысында бюджет қаржысын тиімді жоспарлау мақсатында жаңа ақпараттық жүйе қолданылып жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сапалы жоспарлауға келсек, бізге ақпараттық жүйелерге көшкен дұрыс. Біз мемлекеттік жоспарлау бойынша ақпараттық жүйені әзірледік. Биыл бірінші рет қолданып көрдік. Мемлекеттік аудит комитеті бюджетті жоспарламас бұрын мемлекеттік әкімшілердің барлық бюджетін қарады. Жоспарлау кезінде 1,5 трлн теңгеге бұзушылықтарды алып тастадық. Кейін бұл жүйені жақсартатын боламыз", – Қаржы министрі
Оның айтуынша, министрлікте онлайн бюджеттік мониторинг жұмыс істеп тұр.
"Бүгінде барлық бюджеттік ұйымдарды өзімізге қосып, бухгалтерлерді көріп отырмыз. Жасанды интеллектің элементтерін енгізудеміз. Мәселен, мектептегі есепшілер бір ЖСН-ге 66 төлем жібергені анықталды. Олар түрлі фамилияларды, схемаларды қолданған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 327 млрд теңгеге осындай жағдайлар анықталды. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша 123 млрд теңгеге бұзушылықтар белгілі болды. Бұдан бөлек біз маркет талдау жүйесін енгіздік. Бюджетті жоспарлау кезінде түрлі өтінімдер келеді. Оның негізінде орташа баға алынады", – Мәди Такиев.