Біреудің атынан несие алатын "онлайн алаяқтар" көбейген

1074

Мұндайға жол берген қаржы ұйым екі жұмыс күні ішінде оның себептері мен салдарын жоюға міндеттелді.      

Біреудің атынан несие алатын "онлайн алаяқтар" көбейген

ҚР ІІМ Криминалдық полициясының деректері бойынша, биылғы жылы интернет-алаяқтыққа қатысты оқиғаларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3392-ден 8464-ке дейін өскен, деп хабарлайды inbusiness.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Алаяқтықтың кең таралған құралдарының бірі – азаматтарға олардың қатысуынсыз онлайн-несиелер ресімдеу.

"Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік желіден құжаттар жоғалғаны туралы хабарландыруды тауып, сол азаматтардың құжатының көшірмелерін пайдаланып 50 рет ұрлық жасаған алаяқ ұсталды. Қостанай облысында тағы бір оқиға орын алды. Онда әйел жеке куәліктердің фотосуреттерін пайдалана отырып, жергілікті тұрғындардың атына олардың қатысуынсыз онлайн тауарлық несиелер ресімдеген", – деп жазылған агенттік таратқан хабарламада. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020-2021 жылдары микроқаржылық ұйымдар берген жалған несиелерге мониторинг жүргізді. Осылайша 2021 жылдың басынан бастап микронесиелермен алаяқтық операцияларды болдырмау мақсатында қадағалау шаралары қабылданған. Бұл туралы толығырақ Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Әдіснама және пруденциялық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев ашып айтты.

"Біріншіден, 2021 жылғы ақпанда агенттік микроқаржылық ұйымдарға қатысты шағын несие биометриялық сәйкестендірусіз немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы сәйкестендірусіз электрондық тәсілмен беруді тоқтатуға нұсқама берді. Қосымша зардап шеккен азаматтарды қорғау үшін МҚҰ алаяқтық тәсілмен алынған микрокредиттер бойынша сыйақы мен айыпақы есептеуді тоқтатты. Бұл оқиғалар туралы ақпарат зардап шеккен қазақстандықтардың несиелік тарихын түзету үшін кредиттік бюроға жіберілді", – деді Дәурен Сәлімбаев.

Спикердің айтуынша, 2021 жылғы наурызда агенттік онлайн-қарыз беретін барлық МҚҰ-лардан клиенттің өзі қарыз алғанын нақты тексеруді және растауды, оның деректерін өтінімде көрсетілген деректермен салыстыруды, клиенттің нақты биометриялық деректерінің жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген деректерге сәйкестігін қамтамасыз етуді міндеттеді.

Қабылданған шаралар нәтижесінде 2021 жылдың қаңтар-сәуір аралығында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жалған шағын несиелер беру жағдайлары 3,6 есеге төмендеген.

"Жүйелі негізде микрокредиттермен алаяқтыққа жол бермеу үшін агенттік биылғы жылғы 30 сәуірде онлайн-микрокредиттер беру кезінде қарыз алушыларды анықтаудың жаңа тәртібін енгізді. Енді қарыздарды алу үшін азаматты идентификаттау тек электрондық цифрлық қолтаңба арқылы не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының сервисін пайдалана отырып, биометриялық өлшемдерге сәйкес келу немесе дербес деректерді және қарыз алушының бейнесін шынайы уақыт режимінде екі факторлы тексеру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізу анықталған жағдайда, МҚҰ екі жұмыс күні ішінде себептері мен салдарын жою үшін шаралар қабылдауға міндетті екенін атап өту маңызды", – деп қорытындылады Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаментінің директоры.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу