Қарағанды тұрғыны әмиянын жоғалтқанын банк мобильді қосымшасынан келген хабарлама арқылы білген. Белгісіз біреу оның банк картасын пайдаланып, дүкендерде сауда жасап үлгерген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осыдан кейін қалтасын тексерген ол әмиянының жоғалғанын анықтайды. Әмиянның ішінде банк карталарынан бөлек, жеке куәлігі мен қолма-қол ақшасы да болған.
Жәбірленуші бірден полицияға жүгінгенімен, әмиянның нақты қай жерде және қандай жағдайда жоғалғанын айта алмаған. Соған қарамастан тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын дереу бастап, күдіктіні іздеуге кірісті.
Жедел қызметкерлердің кәсіби әрекетінің нәтижесінде көп ұзамай қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша ол жәбірленушінің банк карталарын пайдаланып, сауда орындарында төлем жасаған.
Күдіктіні ұстау барысында іске қатысты заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.