Бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауар арзандады

Бағаның түсуі үшін дүкенді облыс әкімі аралауы керек пе?  

Бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауар арзандады Фото: Валерий Бугаев

Екібастұз қаласының кейбір тұрғындары әлі күнге дейін жылуға жарымай, дірдектеп отырған тұста бірқатар сауда желісі азық-түліктің бағасын көтеріп, жығылғанның үстіне жұдырық болды. Бірақ көп ұзамай "сабасына түсті" деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жалпы, Екібастұз қаласындағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы аспандап тұр. Мұны қарапайым халық әлеуметтік желі арқылы бірнеше рет жазып, шағымын да білдірген еді. Өткен демалыс күндері жылу желілерін жөндеу, станцияның жұмысын реттеу барысын бақылау үшін шаһарға арнайы барған облыс әкімі Асайын Байханов та бұған көз жеткізді. Сол тұста аймақ басшысы сауда желілерінің біріне барып, ондағы жұмыртқаның 10 данасы облыс орталығындағы бағадан 110 теңгеге қымбат екенін байқады. Сол сияқты қарақұмық жармасының келісі тұрақтандыру қорынан 452 теңгеден босатылған тұста Екібастұздағы дүкен сөрелерінде бір келісінің бағасы 750-760 теңге болды. 

Кейін облыс орталығына оралған Асайын Байханов аппараттың жиын барысында қала әкімдігінің жұмысын сынның астына алып, мониторингтің жүргізілмегенін қадап айтқан еді. Бұл жайт басқа аудан-қала әкімдеріне де сабақ болуы тиіс екенін қатаң ескертті. 

"Ауылдық, қалалық жерлердегі дүкендерге талай барып, бағаның қалай белгіленіп жатқанын көріп жүрмін. Бір ауданның ішіндегі бағалардың өзі әр түрлі. Неге? Бұған жергілікті әкімдер аса бас қатырмайтын сыңайлы. Сондықтан тұрақтандыру қорынан шыққан өнімдердің бағасы қалай қалыптасып жатқанын зерделеңіздер. Бастысы, кабинетте отырып, кәсіпкерлік бөліміне тапсырма беріп, олар ұсынған есепті қарап қана қоймай, әрқайсысыңыз өз аудан-қалаңыздағы дүкендерді аралаңыздар", - деп тапсырған-ды облыс әкімі. 

Содан соң жергілікті жердегі басшылар жапа-тармағай дүкен аралауға көшіп, оның есебін әлеуметтік желілерде жариялай бастады. Ал аймақ басшысының өзі Екібастұз әкімдігі сыннан қандай сабақ алғанын тексермек боп кеше кеншілер шаһарына тағы ат басын бұрды. Мұндағы "Small" және "Greenwich" желілік супермаркеттерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тексерді. 

Байқағанымыздай, сыннан қорытынды шығарыпты. Бірқатар әлеуметтік азық-түліктің бағасы арзандады. Айталық, пияздың келісі 281 теңгеден 161 теңгеге, картоп келісі 140 теңгеден 124 теңгеге, сәбіз 135 теңгеден 103 теңгеге дейін төмендеді. Жергілікті фабрикалардан 10 данасы 420-440 теңгеден босатылатын жұмыртқаның бағасы 630 теңгеден 551 теңгеге дейін түсті. Сондай-ақ, екі сауда желісінде әлеуметтік нанның бір бөлкесін 95 теңгеден сату ісі бір жолға қойылды. 
Жергілікті әкімдік пен сауда желілерінің басшылығы бұл жайтты ескеріп, алдағы уақытта негізсіз өсіруге, үстемақыны асыра белгілеуге жол бермейді деп сенгіміз-ақ келеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу