Бірнеше жылдан соң Ақтөбеде карбамид өндіретін зауыт іске қосылады

Мұндай жаңалықты Үкімет отырысында "ҚазМұнайГаз" ұлттық компанияның басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді.  

Бірнеше жылдан соң Ақтөбеде карбамид өндіретін зауыт іске қосылады Фото: Игорь Маслов

Ол бұл жұмыстың CNPC-мен бірлесіп атқарылатынын және зауыт жылына 800 мың тонна карбамид өндіретінін ерекше атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Жобаны пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ, жоғары оқу орындарымен әріптестік аясында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен бірлесіп карбамидті қаптауға арналған күкірт-полимер өндіру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастау көзделген. 

– Күкірт-полимер өндіру ауыл шаруашылығында карбамидті қолдану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп қосты Асхат Хасенов.

Сонымен қатар, компания ғылыми-зерттеу қызметін дамыту аясында көміртегі ізін азайтуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыруда.

– Біріншіден, жаңартылатын энергия көздері негізінде "жасыл" сутегі өндіретін эксперименттік қондырғы әзірленді. Электролизер қуаты 20 кВт болған жағдайда сутегі өндіру көлемі сағатына 5 қалыпты текше метрге жетті. Ал электр энергиясын өндірудің ең жоғары көрсеткіші сағатына 32 мың кВт болды (2025 жыл), – деді ол.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының сөзінше, сутегіні сақтау және тасымалдауға арналған арнайы қорытпалар әзірленіп, жүргізілген зерттеулер нәтижесінде материал құрамындағы сутегі мөлшері қорытпа массасының 0,8%-ына жеткен. (халықаралық стандарт – 1,5-2%) 

Спикер сутегіні электр және жылу энергиясын өндіруде қолданудың халықаралық тәжірибесі зерделеніп жатқанын және Қазақстанда алғаш рет сутегі энергетикасының әлеуетін бағалауға арналған цифрлық платформа әзірленгенін жеткізді. 

– Аталған жүйе өңірлердің су ресурстарымен қамтамасыз етілу деңгейін, күн және жел энергетикасының мүмкіндіктерін, сонымен қатар сутегі өндірісінің әлеуеті мен өзіндік құнын кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді, – деп нақтылай түсті компания өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу