Бірыңғай мемлекеттік жер базасы жұмысында іркілістер неден болды?

288

28 қарашадан бастап Біріңғай базаның жұмысында іркілістер тіркелді. 

Бірыңғай мемлекеттік жер базасы жұмысында іркілістер неден болды? Фото: inbusiness.kz

Алдымен, пайдаланушылар жүйенің мәліметтерді ұзақ өңдеп, кейін, тіпті кейбір функциялар мен қызметтер базадағы үлкен жүктемеге байланысты қайта іске қосылып кететініне шағымдана бастады, деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Нұрланұлы өткен аймен салыстырғанда сұраныстар саны 2 есеге өсіп, 20-дан астам жүйенің қосылуы базаға ауыртпалық еткенін хабарлады.

30 Қарашада жүйенің жұмысын тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, техникалық проблемалар жойылды.

Ал нотариустардың Біріңғай жүйе 2023 жылғы 23-30 қараша аралығында жұмыс істемегені туралы таратқан ақпаратын вице-министр жоққа шығарды.

"Біріңғай база деректеріне сәйкес, осы жылғы 23-30 қараша аралығында жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласында 55467 қызмет көрсетілді, оның ішінде, нотариат жүйесі арқылы – 22900. 1 желтоқсаннан бастап жүйе штаттық режимде жұмыс істейді", — деп түсіндірді Әсет Нұрланұлы.

Жалпы Бірыңғай база 1 шілдеден бастап іске қосылды. Жүйе енгізілген сәттен бастап – 28 қарашаға дейін Бірыңғай база арқылы 1 млн-нан астам қызмет көрсетілді, оның ішінде 238 мың кадастрлық паспорт пен 25 млн-нан астам анықтамалар берілді.

Жаңа тәсілдерге сәйкес, жер учаскелерін берудің барлық процесі – өтініштен бастап тіркеуге дейін электронды форматқа көшірілді.

Бос жер учаскелерін онлайн таңдау мүмкіндігі ұйымдастырылды. Сонымен қатар:

- өтініштердің саны 11-ден 2-ге дейін;

- қадамдар саны 38-ден 5-ке дейін;

- көрсету мерзімі 1 жылдан 30 күнге дейін қысқарды.

Жер комиссиясы және жерге орналастыру жобасын әзірлеу қажеттілігі алынып тасталды.

"Қазіргі таңда, әкімдіктер қала регламенттерін электрондық форматқа көшіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Өңірлердің қолданыстағы бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарларының 75%-ын пысықтау және 13%-ын толық түзету талап етіледі", — деп толықтырды вице-министр.

Барлық цифрландыру шараларының нәтижесінде және жылжымайтын мүлік саласындағы деректермен алмасу шеңберінде 174 интеграция іске асырылды. Сондай-ақ, 25 млн-нан астам анықтамалар мен мәліметтер көрсетілетін қызметті алушылардан талап етпей алынды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу