Оның сөзінше, Қазақстанда банктер арасындағы бірыңғай QR-төлем жүйесін енгізу кәсіпкерлерге қиындық тудырмайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Яғни, POS-терминалдарды ауыстырудың керегі жоқ. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ұлттық төлем корпорациясының төлем жүйелерін дамыту департаментінің директоры Райымбек Шаймерденов осы мәселеге тоқтала кетті.
– POS-терминалдармен ештеңе жасаудың қажеті жоқ. Сауда орындары қолданыстағы құрылғыларда жұмысын жалғастыра береді, ал банктер бағдарламасын қашықтан жаңартады. Бұған ешкім ештеңе төлемейді. Яғни, банктер мен сауда орындарының қазіргі инфрақұрылымы өзгермейді, – деп нақтылады ол.
Райымбек Шаймерденовтің пікірінше, жаңа төлем жүйесі арқылы кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы тауарлар мен қызметтерге төлем жасауға болады.
Сондықтан, кәсіпкерлерге қайта бірнеше терминал орнатудың қажеті жоқ, ал тұрғындар қандай банк құрылғысының бар не жоқ екеніне алаңдамай-ақ саудасын жасай береді.
Айта кетейік, 13 қараша күні елімізде бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі ресми түрде іске қосылған болатын.
Алғашқыда жүйеге Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, Halyk Bank, Altyn Bank, RBK Bank және Home Credit Bank қосылған. Қазір олардың саны көбейіп келеді.