Бишімбаевтың анасын алдаған туысы 6 жыл 8 айға сотталды

103

Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған әйелге қатысты үкім шығарды.  

Бишімбаевтың анасын алдаған туысы 6 жыл 8 айға сотталды Фото: turaninfo.kz

Сот материалдарына сәйкес, 2023 жылдың соңында Бекзат Кемелова туысы Альмира Нұрлыбекованың қиын психологиялық жағдайын пайдаланып, одан ірі көлемде ақша алған, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Тергеу барысында анықталғандай, айыпталушы азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікпен қамауда отырған Қуандық Бишімбаевты жауапкершіліктен және мүлкін тәркілеуден "құтқарып қаламын" деген уәжбен оның анасынан 990 мың долларды иемденген.

Алынған қаржы айыпталушы тарапынан жеке қажеттіліктеріне жұмсалып, жәбірленушіге аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілген.

Мемлекеттік айыптаушы соттан Кемелованың мүлкін тәркілей отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Ал жәбірленуші тарап барынша қатаң жаза қолдануды және келтірілген залалды толық өтеуді талап етті.

Сот ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағын негізге ала отырып, жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының кәмелетке толмаған баласының барын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Нәтижесінде сот Бекзат Кемелованы 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды және мүлкін тәркілеуді шешті. Сонымен қатар ҚР ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу бір жыл мерзімге кейінге қалдырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу