Биыл 124 242 соғыс және тыл ардагерлеріне бір жолғы төлем үлестіріледі

856

Осы мақсатта бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлінеді.  

Биыл 124 242 соғыс және тыл ардагерлеріне бір жолғы төлем үлестіріледі

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз мәслихатында мәлім етті.

"2020 жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа көлемі екінші дүниежүзілік соғысқа (ЕДС) қатысушылары үшін 164 мың теңге, соғыс мүгедектеріне 169 мың теңге, соғысқа қатысушыларына теңестірілгендерге 156 мың теңге болып отыр. Сондай-ақ соғыс мүгедектеріне теңестірілгендерге 109 мың теңге, тыл еңбеккерлеріне 107 мың теңге беріледі. Ардагерлерге қосымша әлеуметтік қолдау арқылы жеңілдікпен үй, медициналық тегін қызмет көрсетіліп жатыр. Бұдан бөлек салықтан босатылып, санитарлық-шипажайлық емді тегін  алуда. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар бюджет есебінен, немесе демеушілердің қаражатынан ардагерлерге көмегін аяп жатқан жоқ", – деді вице-министр.

Оның сөзінше, биыл Жеңістің 75 жылдығына орай осы мақсатта 7,6 млрд теңге бөлінеді. Яғни, екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары (1025 адам), қоршаудағы Ленинград тұрғындары (87 адам), бұрынғы концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұрғындары (289 адам), ЕДС  мүгедектерінің қайтыс болған әйелдері не күйеулері (4866 адам), ЕДС жылдарында қайтыс болған қатысушылардың жесірлері (15 адам), тыл еңбеккерлері (109040 адам), ЕДС ардагерлеріне теңестірілген басқа да адамдарға (8920 адам) төлемдер үлестіріледі.

"2020 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғыстың 1025 ардагері, 123 мыңнан астам соғыс мүгедектері мен  жеңіске үлес қосқан басқа азамат тіркелді. Соғыс уақытында Кеңес әскері қатарына 1,2 миллионнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы және басқа да әскери құрылымдар жасақталды. Әскери еңбегі үшін мыңдаған қазақстандық ордендермен және медальдармен марапатталды. 500-ге жуық адам Кеңес Одағының батыры атанды. Олардың ішінде 4 қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағы берілді. 110 қазақстандық үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Қолына қару алған әрбір екінші отандасымыз жеңіс үшін басын құрбандыққа тікті. 630 мың адам соғыста қаза тапты, жараланып аурудан қайтыс болды, жоғалып кетті немесе тұтқыннан оралмады", – деді Ерлан Әуленов.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу