Биыл 16 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

490

1991 жылдан бері елге 1 млн 123,2 мың этникалық қазақ оралған.

Биыл 16 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды Фото: inbusiness.kz

Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысы (53,6%) Өзбекстаннан, 19,6% – Қытайдан, 10,9% – Моңғолиядан, 7,8% – Ресейден, 5,9% – Түрікменстаннан және 2,2% басқа елдерден, деп жазады inbusiness.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 61,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 30%-ды және зейнеткерлер 8,5%-ды құрайды. Бұдан бөлек 15,6%-ы жоғары білімді, 34,4%-ы орта кәсіби білімді болса, 41,2%-ында жалпы орта білімі бар.

"Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы – 1 925 адам. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 773 қандас қоныс аударды", - деп хабарлады ведомство.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Атап айтқанда, бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15 АЕК-тен 30 АЕК  мөлшерінде.

"Жыл басынан бері 918 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 493 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 918 адам біржолғы субсидия алды, ал 383 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді", - делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу