Арнаулы төлемді алуға жалпы 1957 адам өтініш білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 128 адам өтініш берді, оның 127-не арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды.
Төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 1829 адам өтініш білдіріп, оның 1813-іне тағайындалған.
Міндетті шартқа сәйкес келмеуіне байланысты 1 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды, сондай-ақ 16 азаматтың өтініші әлі де қаралып жатыр.
Сондай-ақ, 74 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік алдындағы аннуитет шартының жасалуын күтуде, 50 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген.
Өңірлер арасында арнаулы әлеуметтік төлемге өтініш білдіргендердің ең көбі Қарағанды (2 көзден – 17 адам, 4 көз – 217 адам), Шығыс Қазақстан (2 көзден – 16 адам, 4 көз – 180 адам) және Қостанай (2 көзден – 2 адам, 4 көзден – 180 адам) облыстарында тіркелді.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.
Арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрі – БЖЗҚ) кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымның болуы міндетті шарт. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді.
Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңілдеу жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алады.
ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады, олардың 2,3 мыңнан астам позициясы бар.
Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлемді экономиканың 17 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және өзге де салаларда жұмыс істейтін қазақстандықтар ала алады.