Биыл 2 миллионнан аса отбасыға әлеуметтік төлемдер беріледі

Оған 1,2 трлн теңге қаржы жұмсалмақ. 

Биыл 2 миллионнан аса отбасыға әлеуметтік төлемдер беріледі Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова мәлім етті. 

"Бірінші – ана мен баланы әлеуметтік қолдау. Биыл әлеуметтік төлемдер 2 миллионнан аса отбасыға беріледі, оған 1,2 триллион теңге қаржы жұмсалады", – деді спикер.

Осы орайда Тамара Дүйсенова бала күтімі бойынша жәрдемақыға тоқталды.

"Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында үстіміздегі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеу кезеңі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Биылғы жылдың І тоқсанында оны алушылардың жалпы саны 435 мың адамнан асты. Оның ішінде 93 мың жұмыс істемейтін аналарымызға жәрдемақы республикалық бюджеттен, ал 343 мыңнан астам жұмыс істеген аналарға – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленуде", – деді ведомство басшысы.

Мұндай төлемдерді биыл дүниеге келген және былтыр туған, бірақ жасы әлі 1-ге толмаған балалары бар 760 мың отбасы алады деп жоспарланған. Бұл мақсатқа 334,5 млрд теңге көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу